ШҚО-да профилактикалық екпемен қамту мәселесі талқыланды
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Есенгелдіқызы ШҚО-да профилактикалық екпемен қамту көрсеткіштері мен иммундаудың маңызы туралы баяндады.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында жаңа туған нәрестелер арасында БЦЖ вакцинасымен қамту 96%-ды, В гепатитіне қарсы екпе 93,3%-ды құрады. Бір жасқа дейінгі балалар арасында АКДС-3 және Hib-3 вакциналарымен қамту 49,8%-ға, пневмококк инфекциясына қарсы екінші дозамен қамту 49,5%-ға жетті.
Бір жастағы балалар арасында қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы алғашқы дозамен қамту 60,2%-ды, АКДС-4 және Hib-4 вакциналарымен қамту 36,7%-ды құрады.
Мамандардың айтуынша, пневмококк инфекциясына қарсы вакцинамен қамту көрсеткішіне күзгі-қысқы кезеңде уақытша медициналық шектеулердің көбеюі және 6–11 айлық балалар арасында қызылшаға қарсы қосымша иммундау жүргізілуі әсер еткен.
Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес профилактикалық екпелер тегін жүргізіледі. Жыл басынан бері облыста иммундаудан кейінгі қолайсыз жағдайлар тіркелген жоқ. Мамандар ата-аналарға балалардың екпе алу мерзімдерін сақтап, вакцинация кестесін нақтылау үшін медициналық ұйымдарға жүгінуге кеңес берді.