Экстремизм – адам өлтіруден де қауіпті құбылыс. Себебі ол – белгілі бір идеологияға негізделген теріс ағым. Ал идеология арқылы мемлекеттің тұтастығына сызат түсіріп, қоғамның бірлігі мен тұрақтылығын бұзуға болады. Бүгінде бұл мәселе елімізде ерекше назарда.
Осы бағытта «Евразия» спорт кешенінің жаттықтырушыларымен және №5 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қызметкерлерімен арнайы кездесулер ұйымдастырылды. Жиын барысында мамандар экстремизм мен радикализмнің қоғамға тигізер зиянын жан-жақты түсіндірді.
Қызылорда облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» теологы Олжас Нарымбетов діни экстремизмнің басты себебі – діни сауатсыздық екенін атап өтті. Оның айтуынша, жастарға кішкентай кезінен дұрыс тәрбие беріп, мемлекеттік құндылықтар мен зайырлылық қағидаттарын санасына сіңіре білсек, теріс идеологиялардың алдын алуға болады.
Кездесулер барысында зайырлы мемлекет ұстанымының маңызы кеңінен сөз болды. Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген зайырлылық қағидаты әр азаматтың ар-ождан бостандығын құрметтей отырып, дін мен мемлекеттің қызметін бөлек жүргізуді қамтамасыз етеді. Бұл – қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің кепілі.
Сонымен қатар, радикалды ұйымдардың белгілері, олардың дәстүрлі дін ұстанушылардан айырмашылығы түсіндірілді. Әлеуметтік желілердегі тыйым салынған уағызшылардан сақтану жолдары айтылып, интернет кеңістігіндегі ақпаратты саралап қабылдаудың маңыздылығы атап өтілді.
Терроризмнің адам өміріне, мемлекет қауіпсіздігіне және қоғамдық келісімге төндіретін қатері нақты мысалдармен жеткізілді. Теолог Бейбіт Әлидің айтуынша, радикализм өшпенділікке, алауыздыққа және заңсыз әрекеттерге алып келеді. Сондықтан жастарды отансүйгіштікке, адамгершілікке, ұлттық құндылықтарға және толеранттылыққа тәрбиелеу – экстремизмнің алдын алудың ең тиімді жолы.
Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мазмұнды жауаптар алды.
Материал Қызылорда облысы бойынша ТҚК аппаратының ақпараты негізінде дайындалды