Әлеуметтік желілер арқылы арбау

Әлеуметтік желілер арқылы арбау

Елордада жастар арасында радикалды діни идеялардың таралуының алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру кездесулері өтті. Іс-шараларды «Qamqor-Astana» қоғамдық қоры ақпараттық-түсіндіру топтарының мамандарымен бірлесіп ұйымдастырды.

Кездесулер Астана қаласындағы 2 мектепте, 1 гимназияда, 2 колледжде және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткізілді. Оларға барлығы 875 оқушы мен студент қатысты.

Іс-шаралардың негізгі мақсаты – жастардың радикалды діни топтардың ықпалына түсуінің алдын алу және қауіпті идеологиялық көзқарастарды ажырата білуге үйрету. Мамандар экстремистік идеялардың таралуынан туындайтын қауіптерді түсіндіріп, интернеттегі ақпаратқа сыни көзқараспен қараудың және діни білімді тек сенімді дереккөздерден алудың маңыздылығына тоқталды.

Кездесулер барысында жастар тақырыпқа ерекше қызығушылық танытып, мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, интернеттегі жалған ақпаратты шынайы мәліметтен қалай ажыратуға болатыны, әлеуметтік желілер арқылы радикалды топтарға тарту әрекеттерін қалай анықтау керектігі және күмәнді материалдарға тап болған жағдайда қайда жүгіну қажеттігі талқыланды.

Оқушылар мен студенттер өз тәжірибелерінен мысалдар келтіріп, пікір алмасуға белсенді қатысты. Олар кездесуде алған білімдерінің интернет кеңістігіндегі ақпаратқа сақтықпен қарап, дұрыс шешім қабылдауға көмектесетінін атап өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, білім беру ұйымдарында жүргізілетін мұндай профилактикалық іс-шаралар жастардың діни сауаттылығын арттыруға, сыни ойлау қабілетін дамытуға, сондай-ақ зорлық-зомбылық пен экстремистік идеологияға қарсы тұрақты көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді.

Материал Астана қаласы ТҚК аппаратының ақпараты негізінде дайындалды

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/antiterrosticheskiy-centr/press/news/details/1321923?lang=kk