Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамыту шаралары іске асырылуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қажетті жағдай жасауды тапсырды. Бұл жұмыс қолжетімді инфрақұрылымды кеңейтуді, маман тапшылығын азайтуды және балалардың қажеттіліктерін ерте анықтауды қамтиды.

Балалардың сапалы білім алуына және қажетті кешенді қолдауға қолжетімділігін кеңейту үшін еліміздің 20 өңірінде оңалту және сауықтыру кабинеттері бар жаңа форматтағы 20 инклюзивті мектеп-кешен салу жоспарлануда.

Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар ашу нормативін қайта қарау көзделіп отыр. Қазір бір консультация 50 мың балаға есептелген. Бұл көрсеткішті 40 мың балаға дейін төмендету ұсынылуда. Бұл өңірлердегі консультациялар желісін кеңейтіп, балалар мен ата-аналар үшін мамандандырылған көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

2026 жылғы 26 ақпанда Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Премьер-Министрдің орынбасары арнайы және инклюзивті білім беру мәселелері бойынша тапсырма берді. Оны орындау үшін жүйенің қазіргі жағдайына кешенді талдау жүргізіліп, негізгі мәселелер мен оларды шешу бағыттары айқындалды. Соның нәтижесінде Инклюзивті білім беруді дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған ведомствоаралық кешенді жоспары әзірленді. Құжат биыл қыркүйекте алты министрлікпен келісіліп, бекітілді.

Жоспар сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге, әр баланың жеке қажеттіліктерін уақтылы анықтауға және кедергісіз білім беру ортасын дамытуға бағытталған. Сондай-ақ психологиялық-педагогикалық қолдаудың сапасын арттыру көзделген.

Баланы қолдау оның қажеттіліктерін ерте анықтаудан басталады. Бұл жұмыс баланың әлеуметтенуін, кәсіби бағдарлануын және дербес өмірге дайындалуын да қамтиды.

Сонымен қатар министрлік кешкі мектептердің жұмысын ұйымдастыру және инклюзияны қолдау кабинеттерін дамыту мәселелерін қарастыруда. Тергеу изоляторларында ұсталатын кәмелетке толмағандардың білім алу құқығын қамтамасыз ету мәселесі де қарастырылуда. Балалардың қауіпсіздігін арттыру үшін SMS-хабарлама жүйесін енгізу мүмкіндігі зерделенуде.

Оқу-ағарту министрлігі мүдделі тараптармен сындарлы диалогқа және ұсыныстарды қарастыруға ашық. Ортақ міндетіміз әр балаға тең мүмкіндік беріп, оның білім алуына, дамуына және әл-ауқатына қажетті жағдай жасау.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/1321864?lang=kk