Қазақстан банк секторының 2026 жылғы 1 қазандағы жай-күйі туралы

Қазақстан банк секторының 2026 жылғы 1 қазандағы жай-күйі туралы

2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында екінші деңгейдегі 23 банк, оның ішінде 10 еншілес банк, сондай-ақ 100% мемлекет қатысатын 1 банк бар.

Банк секторының активтері ағымдағы жылғы қыркүйекте негізінен несие портфелінің 1,1%-ға 46,8 трлн теңгеге дейін ұлғаюы есебінен 1,5%-ға ұлғайып (2026 жылдың басынан бері 8,6%-ға өсті), 76,8 трлн теңгені құрады.

Екінші деңгейдегі банктердің өтімділігі жоғары активтері 22,9 трлн теңгені немесе активтердің 29,8%-ын құрады, бұл банктерге өз міндеттемелерін толық көлемде орындауға мүмкіндік береді.

Екінші деңгейдегі банктердің экономикаға берген кредиттер портфелі 2026 жылғы қыркүйекте халыққа және бизнес субъектілеріне берілген кредиттердің өсуі есебінен 0,6%-ға ұлғайып, 43,1 трлн теңгені құрады (2026 жылдың басынан бері 7,2%-ға ұлғайды).

Ұлттық валютадағы кредиттер 0,9%-ға 38,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды, шетел валютасындағы кредиттер 1,9%-ға 4,3 трлн теңгеге дейін азайды. Нәтижесінде теңгемен берілген кредиттердің үлес салмағы 2026 жылғы 1 қазанда 90,0%-ды құрап, 0,3 п.т-ға ұлғайды.

Екінші деңгейдегі банктердің жаңа кредиттер беру көлемі 2026 жылғы қыркүйекте 3,6 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылғы қыркүйек айына қарағанда 3,2%-ға көп.

Бизнес субъектілеріне кредиттер портфелі 2026 жылғы қыркүйекте ШОБ субъектілеріне қарыздар портфелінің өсуі есебінен 0,4%-ға 16,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2026 жылдың басынан бері 6,4%-ға ұлғайды). ШОБ субъектілеріне қарыздар портфелі 1,0%-ға 8,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2026 жылдың басынан бері 17,0%-ға өсті). Бұл ретте ірі бизнеске кредиттер портфелі негізінен жекелеген банктегі ірі көлемдегі қарызды өтеу нәтижесінде 0,9%-ға 5,0 трлн теңгеге дейін қысқарды (2026 жылдың басынан бері 8,7%-ға азайды). Дара кәсіпкерлерге кредиттер портфелі 0,9%-ға  3,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2026 жылдың басынан бері 9,7%-ға өсті).

2026 жылғы қыркүйекте экономика салалары бойынша кредиттік портфель көп бағытты серпінмен сипатталды. Кредиттер портфелі өнеркәсіпте 2,0%-ға 5 328 млрд теңгеге дейін, байланыс және ақпарат саласында –  2,1%-ға 299 млрд теңгеге дейін, өзге де қызметтер саласында – 1,2%-ға 2 976 млрд теңгеге дейін азайды. Өз кезегінде кредиттер портфелі саудада 1,3%-ға 4 260 млрд теңгеге дейін, ауыл шаруашылығында – 3,0%-ға 546 млрд теңгеге дейін, құрылыста – 4,9%-ға 994 млрд теңгеге дейін, көлік саласында  – 9,3%-ға 1 147 млрд теңгеге дейін, ал жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда  –  0,1%-ға  872 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

2026 жылғы қыркүйекте бизнес субъектілеріне 2,0 трлн теңге сомаға жаңа қарыздар берілді, бұл негізінен ШОБ субъектілеріне жаңа қарыздар беруді 41,7%-ға ұлғайту нәтижесінде 2025 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда 15,1%-ға артық.

Халыққа берілген кредиттер портфелі 2026 жылғы қыркүйекте 0,7%-ға 26,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2026 жылдың басынан бері
7,6%-ға өсті), оның ішінде тұтынушылық қарыздар 0,6%-ға 17,7 трлн теңгеге дейін (2026 жылдың басынан бері 6,5%-ға өсті), ипотекалық қарыздар – 1,3%-ға 7,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2026 жылдың басынан бері 12,9%-ға өсті).

2026 жылғы қыркүйекте халыққа 1,6 трлн теңге сомасына жаңа қарыздар берілді, бұл 2025 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда 8,8%-ға аз. Төмендеу негізінен кепілсіз тұтынушылық қарыздар берудің 7,6%-ға қысқаруына байланысты болды.

2026 жылғы қыркүйекте бизнес субъектілеріне ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша орташа сараланған сыйақы мөлшерлемесі негізінен ірі бизнеске берілген кредиттер бойынша мөлшерлеменің 18,1%-ға дейін 0,7 п.т-ға азаюы есебінен 0,3 п.т-ға 21,0%-ға дейін азайды. Халыққа ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша орташа сараланған сыйақы мөлшерлемесі өткен айдың деңгейінде сақталды және 20,6%-ды құрады. Бұл ретте ипотекалық қарыздар бойынша сыйақы мөлшерлемесі 0,3 п.т-ға 11,0%-ға дейін ұлғайды.

2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша банк секторында 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың (NPL90+) деңгейі 1,8 трлн теңгені құрап, 0,1 п.т-ға 3,9%-ға дейін азайды.

90 күннен астам мерзімі өткен кредиттерді провизиялармен жабу деңгейі 1,2 п.т-ға 61,5%-ға дейін (2026 жылғы 1 қыркүйекке –  60,3%) ұлғайды.

Банк секторының міндеттемелері 2026 жылғы қыркүйекте заңды тұлғалар салымдарының 5,7%-ға ұлғаюы есебінен 1,7%-ға 65,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2026 жылдың басынан бері 8,7%-ға өсті). Банк секторы міндеттемелерінің құрылымында клиенттердің салымдары негізгі үлесті құрайды – 79,7% немесе 52,2 трлн теңге.

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттері 2026 жылғы қыркүйекте ұлттық және шетел валюталарындағы салымдардың ұлғаюы аясында 2,6%-ға 51,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2026 жылдың басынан бері 7,2%-ға өсті).

Заңды тұлғалардың депозиттері 5,7%-ға 22,9 трлн теңгеге дейін, жеке тұлғалардың депозиттері 0,2%-ға 28,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

Ұлттық валютадағы депозиттер өткен аймен салыстырғанда 2,2%-ға 41,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Шетел валютасындағы депозиттер 4,5%-ға 9,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Нәтижесінде 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша долларлану деңгейі 18,7%-ға дейін артты (2026 жылғы тамызда – 18,3%).

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа сараланған сыйақы мөлшерлемесі 2026 жылғы қыркүйекте 0,4 п.т-ға 15,3%-ға дейін төмендеді, жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 0,1 п.т-ға ұлғайып, 14,7%-ды құрады.

2026 жылғы қыркүйекте банктердің меншікті капиталы 0,7%-ға 11,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2026 жылдың басынан бері 7,5%-ға өсті). 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 19,5%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) 20,3%-ды құрады, бұл белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді жабуды қамтамасыз етеді.

2026 жылғы қаңтар-қыркүйекте банктердің таза пайдасы 1 812 млрд теңгені құрады, бұл 2025 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 11,6%-ға аз. Банк активтерінің рентабельділігі (ROA) 2026 жылғы 1 қазанда 3,5%-ды (2026 жылғы 1 қыркүйекте – 3,5%), капиталдың рентабельділігі (ROE) – 22,7%-ды (2026 жылғы 1 қыркүйекте – 22,8%) құрады.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/press/news/details/1321809?lang=kk