2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының сақтандыру секторында 25 сақтандыру ұйымы бар, оның 10-ы – өмірді сақтандыру бойынша қызметті жүзеге асырады.
2026 жылғы қыркүйектің қорытындысы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының активтері негізінен бағалы қағаздарға инвестициялар көлемінің ұлғаюы есебінен 4,0%-ға, 4,8 трлн теңгеге дейін (2026 жылдың басынан бастап 21,7%-ға өсу) ұлғайды.
2026 жылғы 1 қазанда активтер құрылымында ең көп үлес бағалы қағаздарға – 73,5% (3,5 трлн теңге), екінші деңгейдегі банктердегі ақшалай қаражат пен салымдарға – 9,0% (425,9 млрд теңге), сақтандыру дебиторлық берешегіне – 4,7% (224,6 млрд теңге) тиесілі.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының міндеттемелері 2026 жылғы қыркүйекте негізінен сақтандыру резервтерінің 2,9%-ға өсуі нәтижесінде (2026 жылдың басынан бастап 29,5%-ға өсу) 5,3%-ға, 3,6 трлн теңгеге дейін (2026 жылдың басынан бастап 29,6%-ға өсу) ұлғайды.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының меншікті капиталы 2026 жылғы қыркүйекте 0,2%-ға, 1,1 трлн теңгеге дейін (2026 жылдың басынан бастап 1,5%-ға өсу) азайды. Сақтандыру секторының қыркүйек айындағы таза пайдасы 0,3 млрд теңгені құрады (2026 жылдың басынан бастап таза пайда – 87,8 млрд теңге).
2026 жылдың басынан бастап жеке және заңды тұлғалар бойынша жасалған сақтандыру шарттарының саны 13,1 млн шартты құрады, бұл банктік қарыздармен байланысты сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру агенттері үшін комиссиялық сыйақыны сақтандыру сыйлықақысының 10%-ынан аспайтын деңгейде шектеудің енгізілуіне байланысты, жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша жасалған шарттар санының 75,7%-ға азаюы салдарынан өткен жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 30,4%-ға аз.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақылары 2026 жылғы қыркүйекте 193,4 млрд теңгені құрады, бұл 2025 жылғы қыркүйекке қарағанда 63,6%-ға көп. Жыл басынан бастап сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 1 434,7 млрд теңгені құрады, бұл 2025 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 16,8%-ға көп.
Міндетті сақтандыру бойынша 2026 жылғы қыркүйекте 25,1 млрд теңге сомасына сақтандыру сыйлықақылары жиналды, 2026 жылдың басынан бастап – 229,6 млрд теңге, бұл 2025 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 14,0%-ға артық. Өсу негізінен қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша сыйлықақылардың 11,9%-ға және көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру бойынша сыйлықақылардың 18,7%-ға ұлғаюына байланысты болды.
Ерікті жеке сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 2026 жылғы қыркүйекте 137,2 млрд теңгені құрады, 2026 жылдың басынан бастап – 811,2 млрд теңге, бұл 2025 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 33,5%-ға көп. Өсу негізінен зейнетақы аннуитеті бойынша сақтандыру жөніндегі жиналған сыйлықақылар көлемінің 110,2%-ға ұлғаюына байланысты болды.
Ерікті мүліктік сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақылары ағымдағы жылғы қыркүйекте 31,0 млрд теңгені құрады, 2026 жылдың басынан бастап – 393,9 млрд теңге, бұл 2025 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 6,0%-ға аз. Төмендеу негізінен өзге де қаржылық шығындардан сақтандыру сыныбы бойынша жиналған сыйлықақылардың 24,3%-ға және мүлікті залалдан сақтандыру бойынша 5,3%-ға азаюына байланысты.
Сақтандыру төлемдері 2026 жылғы қыркүйекте 54,5 млрд теңгені құрады, 2026 жылдың басынан бастап – 417,9 млрд теңге, бұл 2025 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 30,7%-ға көп.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы