Павлодардық ұстаздардық жаңашыл идеялары халықаралық алаңда танылды

Павлодардық ұстаздардық жаңашыл идеялары халықаралық алаңда танылды

2026 жылғы 30 қазанда «Өрлеу» БАҰО» АҚ Павлодар облысы бойынша кәсіби даму институты филиалының ұйымдастыруымен «Білім берудегі көшбасшылық және өзгерістерді басқару» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда Павлодар облысының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері өздерінің ғылыми-әдістемелік зерттеу жұмыстарын жоғары деңгейде таныстырды.

Конференцияның «Педагогтің кәсіби көшбасшылығы» бағыты бойынша бірлескен зерттеу жобасын ұсынған үш педагог халықаралық кәсіби алаңда өз тәжірибелерімен бөлісті.
Олардың қатарында Железин ауданы Еңбекші негізгі жалпы білім беру мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті және орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Жанар Жамбусинова, Баянауыл ауданы М. Әуезов атындағы жалпы орта білім беру мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Айгерім Шокаева және Ш. Уәлиханов атындағы жалпы орта білім беру мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Жанар Сыздыкова бар.

Педагогтер «ЖИ рутинаны азайтады: қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің кәсіби көшбасшылық кейсі» тақырыбындағы ортақ зерттеу жұмысын ұсынды. Зерттеуде жасанды интеллект құралдарын мұғалімнің күндізгі кәсіби қызметінде тиімді пайдалану, уақытты үнемдеу, оқу-әдістемелік үдерісті оңтайландыру және педагогтің жұмыс тиімділігін арттыру жолдары қарастырылды.

Сонымен қатар Жанар Жамбусинова конференцияның екінші бағыты бойынша офлайн форматта жеке баяндама жасап, «Орыс тілінің сөздік қорын толықтыру көзі ретіндегі кинематографтың рөлі» тақырыбын қозғады. Баяндамасында кино өнерінің жастардың сөздік қорын байытуға, тілдік дағдыларын дамытуға және тіл мәдениетін қалыптастыруға ықпалына тоқталды.

Аталған зерттеу жұмыстары заманауи білім беру талаптарына сай инновациялық тәсілдерді енгізудің, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттырудың және тәжірибе алмасудың маңызын көрсетті. 

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/zhelezin-bilim/press/news/details/1321759?lang=kk