Үлгілі жүргізуші, ал сен жол қозғалысы ережелерін қаншалықты жақсы білесің?

Үлгілі жүргізуші, ал сен жол қозғалысы ережелерін қаншалықты жақсы білесің?

Бүгін Талдықорған қаласында полиция қызметкерлері жүргізушілердің Жол қозғалысы ережелері бойынша білімін тексеруге арналған ерекше акция өткізді. «Жастар» қалалық саябағының алдында ұйымдастырылған «Үлгілі жүргізуші» акциясы аясында автокөлік жүргізушілеріне жолдағы түрлі жағдайларға қатысты сұрақтар қойылып, олардың жол ережелерін қаншалықты жақсы білетіні сынға түсті.

Әдеттегі құжат тексерудің орнына жүргізушілерді шағын зияткерлік сынақ күтіп тұрды. Полицейлер оларға нақты жол жағдайларына қатысты сұрақтар қойып, түрлі ахуалдарды талдауды ұсынды. Осылайша қатысушылар өз білімдерін тексеріп, жол ережелерін қаншалықты сенімді меңгергендерін көрсетті.

Сұрақтарға дұрыс жауап берген жүргізушілерге шағын сыйлықтар табысталды. Дегенмен қатысушылар үшін ең маңыздысы – көлік жүргізуде көп жылдық тәжірибесі болса да, әрдайым мұқият болып, айналадағы адамдардың қауіпсіздігін естен шығармау қажеттігі туралы ескерту болды.

Өйткені үлгілі жүргізуші – тек жол ережелерін жақсы білетін адам ғана емес. Ол – жол қозғалысының өзге қатысушыларын құрметтейтін, асығыстыққа бой алдырмайтын және жолдағы әрбір әрекеті адам өміріне әсер ететінін түсінетін азамат.

Жетісу облысының полициясы барлық жүргізушілерді Жол қозғалысы ережелерін сақтауға, рөлде мұқият әрі жауапты болуға шақырады.

Жолда жылдамдық пен асығыстықтан бұрын жауапкершілік пен өзара құрмет маңызды!

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1321696?lang=kk