Қарағанды өңіріндегі көлік қызметкерлері арасында туберкулез жағдайының тіркелуіне байланысты эпидемиологиялық тергеп-тексеру шеңберінде 2026 жылғы 28 қазанда Қарағанды бөлімшелік көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары Қарағанды облыстық фтизиопульмонология орталығының фтизиатрымен бірлесіп, «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Қарағанды магистральдық желі бөлімшесі» филиалы Қарағанды жол дистанциясының (ПЧ-26) қызметкерлері, оның ішінде байланыста болған адамдар арасында семинар өткізді. Семинар «Сұрақ – жауап – пікірталас» форматында ұйымдастырылды. Фтизиатр туберкулездің жұғу жолдары, негізгі белгілері, диагностикасы, емдеу әдістері және алдын алу шаралары туралы түсіндірді. Сонымен қатар Басқарма мамандары мерзімді медициналық тексерулерден уақтылы өту, жұмыс орнында жеке гигиена талаптарын сақтау және санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық саласындағы нормативтік талаптарды орындау мәселелерін түсіндірді. Іс-шара соңында қатысушыларға туберкулездің алдын алу бойынша ақпараттық жадынамалар, брошюралар мен тақырыптық материалдар таратылды.
Туберкулездің алдын алу бойынша семинар өткізілді