Конституциялық Сот: талап қою арызын қайтару сот арқылы қорғалу құқығынан айырмайды

Конституциялық Сот: талап қою арызын қайтару сот арқылы қорғалу құқығынан айырмайды

Конституциялық Сотқа Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің талап қою арызын қайтару негіздерін реттейтін 152-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасының, сондай-ақ мемлекеттік баж төлеу бойынша жеңілдіктерді белгілеген 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Салық кодексінің 616-бабының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініш келіп түсті.

Өтініш беруге денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарына, сондай-ақ мемлекеттік органдарға олардың әрекеттерін заңсыз деп тану және келтірілген зиянды өтеу туралы берілген талап қою арызының процестік талаптардың сақталмауына байланысты сот тарапынан қайтарылуы негіз болған. Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы сот актісін өзгеріссіз қалдырған.

Өтініш берушінің пайымдауынша, Азаматтық процестік кодекстің дауланып отырған нормасында талап қою арызын қайтарудың нақты негіздері айқындалмаған. Сонымен қатар кәмелетке толмаған баланың денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы талаптар бойынша мемлекеттік баж төлеу жеңілдігінің болмауы сот төрелігіне қол жеткізу мүмкіндігін шектейді.

Конституциялық Сот сот арқылы қорғалу құқығына Конституция кепілдік беретінін, ал оны іске асыру тәртібі заңмен айқындалатынын атап өтті. Заңнамада көзделген процестік талаптар сот төрелігін тиісінше жүзеге асыруды қамтамасыз етуге бағытталған және сотқа жүгінуге негізсіз кедергілер келтірмеуге тиіс.

Сот белгіленген талаптардың, оның ішінде мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжаттың ұсынылмауы талап қою арызын қайтаруға негіз болуы мүмкін екенін түсіндірді. Бұл ретте азамат жол берілген кемшіліктерді жойғаннан кейін сотқа қайта жүгінуге құқылы, сондай-ақ талап қою арызын қайтару туралы ұйғарымға шағым жасауға болады. Демек, қолданыстағы Азаматтық процестік кодекске сәйкес, арызды қайтару сот арқылы қорғалу мүмкіндігін жоққа шығармайды.

Азаматтың Салық кодексінің 616-бабына қатысты талабын қарау барысында Конституциялық Сот өтініште көрсетілген Кодекстің қолданысын тоқтатқанын атап өтті. Жалпы қағида бойынша, қолданысын тоқтатқан нормативтік құқықтық актілерге қатысты өтініштер конституциялық іс жүргізуге қабылданбайды. Бұған аталған актілер тиісті құқықтық қатынастарға әлі де қолданылатын жағдайлар кірмейді.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/press/news/details/1321607?lang=kk