Осакаров ауданында жас кәсіпкер мемлекеттік қолдаудың арқасында экологиялық жобаны қолға алды

Осакаров ауданында жас кәсіпкер мемлекеттік қолдаудың арқасында экологиялық жобаны қолға алды

Қарағанды облысында кәсіпкерлік бастамаларға көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау ауыл-аймақтың дамуына серпін беріп, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға жол ашып отыр. Енді Осакаров тұрғындары бет күтімі бойынша кәсіби кеңес алу үшін облыс орталығына бармай-ақ, қажетті қызметті өз кентінде пайдалана алады. Аудан әкімінің гранты кәсіпкерлік жобалармен қатар, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған қоғамдық маңызы бар бастамалардың да жүзеге асуына мүмкіндік беруде. Соның бірін қолға алған жас кәсіпкер туған кентінің тазалығына үлес қосуды мақсат етіп, қоқысты бөлек жинау ісін ұйымдастыруға кірісті. Келешекте жиналған қалдықтарды қайта өңдеуге жіберуді көздеп отыр.

Экологиялық бастаманың авторы Нұрболат Діннұр ауыл тұрғындарының қоқысты сұрыптау мәдениетін қалыптастыруды мақсат етеді.

– Таза көшелер мен қалдықтарды қайта өңдеу жүйесінің жолға қойылуы – тек қоршаған ортаның көркіне қатысты мәселе емес. Бұл – адам денсаулығы мен өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды іс. Біз өз қатарластарымызға қоқыстың тек қоршаған ортаға төнген қауіп емес, қайта кәдеге жаратуға болатын құнды ресурс екенін көрсеткіміз келеді, – дейді кәсіпкер.

Жобаның алғашқы кезеңінде кәсіпкер тұрғындар мен кәсіпорындардан тұрмыстық қалдықтарды жинап, оларды пластик, шыны, қағаз және металл деп төрт санатқа бөлуді жоспарлап отыр. Келесі кезеңде арнайы престеу жабдығын сатып алмақ. Бұл құрылғы сұрыпталған қалдықтарды нығыздап, оларды қайта өңдеу кәсіпорындарына жөнелтуге қолайлы жағдай жасайды.

Аудан әкімінің грантына ие болған тағы бір жоба қызмет көрсету саласын дамытуға бағытталған. 20 жастағы Дайана Көшкімбаева Осакаровта бет терісіне кәсіби күтім жасайтын сұлулық студиясын ашты. Орталықтың ерекшелігі – терінің жай-күйін анықтауға мүмкіндік беретін заманауи диагностикалық жабдықпен жарақтандырылуы. Оның көмегімен терінің жағдайын, ылғалдылық деңгейін бағалап, әр адамға жеке күтім жасау жөнінде нақты ұсынымдар беруге болады.

– Ауданымызда әрбір әйел сыртқы болжамға емес, нақты көрсеткіштерге сүйенген кәсіби кеңес ала алатын орын ашуды бұрыннан армандадым, – дейді Дайана Көшкімбаева.

«Даму» қорының қаржылай қолдауы кәсіпкер Арман Байғашқаровқа сауда кәсібін кеңейтуге мүмкіндік берді. Ол кәсіпкерлік жолын үй жанындағы шағын дүкеннен бастаған. Кейін ғимараттың екінші қабатын салып, «Айболит» отбасылық супермаркетін ашты. Мұнда ауыл тұрғындары күнделікті қажетті тауарларын сатып алып қана қоймай, балаларымен бірге уақыт өткізе алады. 

Кішкентай келушілер үшін құрғақ бассейні мен ойын кешендері бар арнайы алаң жасақталған.

Сонымен қатар кәсіпкер екінші қабаттағы бос орындарды жалға беріп отыр. Бұл өз кәсібін бастағысы келетін басқа тұрғындарға мүмкіндік беріп қана қоймай, кентте жаңа қызмет түрлерінің пайда болуына және қосымша жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.

Осакаров ауданының ішкі саясат бөлімінің мәліметінше

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/ovp-osakarovka/press/news/details/1321560?lang=kk