Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев белгілі италиялық режиссер Стефано Подамен кездесті.
Кездесу барысында тараптар театр өнеріндегі ынтымақтастықты дамыту, бірлесіп қойылымдарды сахналау және қазақстандық театрлардың халықаралық шығармашылық байланысын кеңейту жөнінде пікір алмасты.
Жиында Стефано Пода сахналаған Джакомо Пуччинидің «Тоска» операсы айрықша аталып өтті. Қойылымның премьерасы 30 қазанда Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтті. Бүгін, 31 қазанда, опера көрерменге екінші рет ұсынылады.
Спектакль Туриндегі Корольдік Реджо театрымен әріптестік аясында қойылды. Бұл театрда оның премьерасы биыл 12 маусымда өткен. Опера бұған дейін Ресейдің Үлкен театрының сахнасында да көрсетілді.
Арман Қырықбаев жобаның отандық опера өнерін дамытудағы, мамандардың тәжірибе алмасуындағы және жаңа сахналық шешімдерді енгізудегі маңызын атап өтті.
Стефано Пода министрге жылы қабылдағаны үшін алғыс айтып, Қазақстан мен Италияның, соның ішінде Алматы мен Турин театрларының мәдени байланысын нығайтуға ниетті екенін жеткізді. Режиссердің айтуынша, мұндай әріптестік түрлі буын көрерменнің өнерге деген қызығушылығын арттырып, мәдени диалогты дамытуға ықпал етеді.
Кездесу қорытындысында тараптар шығармашылық әріптестікті жалғастыруға, ортақ жобаларды қолға алуға және қазақстандық өнер өкілдерінің халықаралық қойылымдарға қатысуына мүдделі екенін білдірді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі