2026 жылғы 30 қазанда Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде Әдеп жөніндегі уәкілдің жұмыс жоспарын іске асыру, сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету шеңберінде «Мемлекеттік қызметшілер қызметінде заңдылықты қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және қызметтік әдеп нормаларын сақтау мәселелері» тақырыбында бірлескен семинар өтті.
Семинар спикері ретінде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқық қорғау органдары академиясының доценті, заң ғылымдарының кандидаты Динара Талғатқызы Амуртаева сөз сөйледі.
Семинар барысында мемлекеттік қызметтегі заңдылықты қамтамасыз етудің құқықтық негіздері, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама талаптары, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің нормалары жан-жақты қарастырылды.
Мүдделер қақтығысының алдын алу және оны реттеу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Нақты мысалдар негізінде лауазымдық міндеттерді орындау кезінде жеке мүдделіліктің туындау жағдайлары, оның ішінде туыстары мен өзара байланысты тұлғаларға қатысты шешімдер қабылдау, оларды қызметке тағайындау немесе көтермелеу, сондай-ақ сыйлықтар, қызметтер және өзге де игіліктер алу жағдайлары түсіндірілді.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 12 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген өзгерістер, оның ішінде мүдделер қақтығысының түрлері, жеке мүдделерді декларациялау міндеті, басшылыққа хабарлау тәртібі және мүдделер қақтығысын реттеу жөнінде шаралар қабылдамаудың салдары жеке қарастырылды.
Сондай-ақ қатысушыларға сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін жауаптылыққа қатысты жаңа тәсілдер, бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін басшылардың жауаптылығын күшейту, сондай-ақ заңнамадағы жекелеген жаңа нормалардың, оның ішінде 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін өзгерістердің мерзімдері түсіндірілді.
Баяндаманың жеке бөлімі қызметтен тыс уақытта қызметтік әдеп нормаларын сақтауға арналды. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілердің қоғамдық орындардағы мінез-құлқына қойылатын Әдеп кодексінің талаптары, адамның қадір-қасиеті мен қоғамдық имандылықты қорлайтын масаң күйде болуға жол бермеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-бабында көзделген тиісті құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылық мәселелері қарастырылды.