Елордада NEET санатындағы жастарды қоғамдық өмірге тартуға арналған жыл сайынғы «Астана Жас Жігер» жобасы аяқталды. Қорытынды күні футбол, волейбол және үстел теннисінен өткен жарыстардың жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Жобаны «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Іс-шаралар уақытша жұмыссыз жүрген жастардың басын қосып, спорт жарыстары, оқыту бағдарламалары мен заңгерлік кеңес арқылы олардың қоғамдық өмірге араласуына ықпал етті.
«Жоба жыл сайын бір ай бойы өтеді. Оның аясында спорт турнирлері, құқықтық көмек, психологиялық қолдау және білім беру кездесулері өтеді. Біз қатысушылардың қоғамға бейімделуіне көмектесіп, ресми түрде жұмысқа орналасуы үшін оларды қайта даярлау курстарына бағыттаймыз», – деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы бөлімінің басшысы Мөлдір Аманжолова.
Жобаның қорытынды күніне прокуратура өкілдері мен Қазақстанға танымал спортшылар арнайы қонақ ретінде қатысты.
Жарыс жеңімпаздарына теледидар, ноутбук, ақылды колонкалар мен смарт-сағаттар сияқты бағалы сыйлықтар табысталды.
«Бұл жобаға екінші жыл қатарынан қатысып келемін. Биыл командамыз чемпион атанды. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті, ұйымдастыру мен дайындық та жақсы болды. Турнир туралы достарымнан естіп, алғаш рет команда құрамына қосылдым. Ал капитан етіп мені жігіттердің өздері таңдады.
Ұйымдастырушыларға көп-көп рақмет! Жобаның алдағы уақытта да биік белестерді бағындыруына тілектеспін», – деді футболдан «Зиги заги» командасының 23 жастағы капитаны Ерасыл Асқарұлы.