Абай облысында республикалық форум өтті

Абай облысында республикалық форум өтті

Абай облысында «Үш тіл – бір болашақ: жаһандық адамзаттың жаңа моделі» атты республикалық форум өтті. Форумды облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен облыстық лингвистикалық орталық ұйымдастырды.

Форумға еліміздің әр өңірінен тіл мамандары, ғалымдар мен IT-инженерлер қатысып, қазақ тілін дамытудағы жасанды интеллект мүмкіндіктері мен цифрлық технологияларды қолдану жолдарын талқылады.

Форум барысында Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы А. Қ. Көкен халықаралық тіл саясаты тәжірибесімен бөлісті. «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ЖИ инженері М. Тоғманов қазақ тіліне арналған цифрлық жобаларды таныстырды. Шәкәрім университетінің оқытушысы, PhD Қарлығаш Әубәкірова жасанды интеллект дәуіріндегі мәдени байланыстар мен көркем аударма мәселелерін, Жетісу облысы «Тіл» орталығының оқытушысы Ә. Молдабаева құжаттарды сауатты рәсімдеу мәселесін сөз етті.

Форум аясында Абай облысының лингвистикалық орталығы мен Abai IT-Valley бірлесіп әзірлеген «Til Qadam» мобильді қосымшасы таныстырылды. Қазақ тілін интерактивті үйретуге арналған қосымшада сөйлеу дағдысын жетілдіретін ЖИ-көмекші және грамматика, сөздік қор, тыңдалым мен жазылымды дамытуға арналған тоғыз тапсырма қамтылған.

Форум қорытындысында цифрлық білім беру платформаларын жетілдіру, оқу-әдістемелік базаны жаңарту және педагогтердің цифрлық сауаттылығын арттыру жөнінде ұсыныстар айтылды.

 

 

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/language/press/news/details/1321092?lang=kk