Алматыда Жасыл қаржыландыру жөніндегі жазғы академия ашылды

Алматыда Жасыл қаржыландыру жөніндегі жазғы академия ашылды

 

Алматы, 2026 жылғы 28 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі - Алматы қаласындағы ҚР СІМ Өкілдік басшысы Жәнібек Әбдрашов Қазақстан-Германия университеті Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен (ЭЫДҰ) бірлесіп ұйымдастырған 2026 жылғы Жасыл қаржыландыру жөніндегі жазғы академияның ашылуына қатысты.

Өз сөзінде ол Орталық Азияда ЭЫДҰ-мен ынтымақтастықты одан әрі дамытудың, оның ішінде жасыл қаржыландыру, орнықты инфрақұрылым және өңірлік өзара байланыстылық салаларындағы өзара іс-қимылды нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Транскаспий халықаралық көлік маршрутын дамытуға, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобаларды жоспарлау мен іске асыру кезінде климаттық тәуекелдерді ескерудің қажеттілігіне ерекше назар аударылды.

Ж. Әбдрашов сондай-ақ Қазақстан өңірлік ынтымақтастықты нығайтуды, мемлекеттік және жеке инвестицияларды жұмылдыруды, сондай-ақ заманауи көлік дәліздерін дамытуды жасыл трансформация және технологиялық инновациялармен ұштастыруды жақтайтынын атап өтті.

Жасыл қаржыландыру жөніндегі жазғы академия 28-30 қыркүйек аралығында Алматы қаласында өтуде. Оған Орталық Азия елдерінің, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, мемлекеттік органдардың, сарапшылық және академиялық қауымдастықтың өкілдері қатысуда.

 

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-almaty/press/news/details/1321081?lang=kk