2026 жылғы 28 қазанда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова Орталық Азия елдері, Қытай, Финляндия және Жапонияның бала құқықтары жөніндегі уәкілдерімен және сарапшыларымен кездесу өткізді. Кездесуге Қазақстан Республикасы Құрылтайы Төрағасының орынбасары, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, БҰҰ Бас хатшысының Балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Наджат Маалла Мджид, сондай-ақ ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдері қатысты.
Кездесуді ашқан Эльвира Азимова Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының негізгі ережелерін таныстырып, отбасы, ана, әке және баланы қорғаудың конституциялық кепілдіктеріне ерекше назар аударды. Талқылаудың басты тақырыбы Конституциялық Соттың тәжірибесіне арналды. Қатысушыларға балалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты, сондай-ақ тиісті конституциялық кепілдіктердің мазмұнын ашып көрсететін Конституциялық Соттың шешімдері мен құқықтық ұстанымдары таныстырылды.
Конституциялық Соттың судьялары Айжан Жатқанбаева мен Айгүл Қыдырбаева, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі Наджат Маалла Мджид тақырыптық баяндамалар жасады.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуде, ұлттық заңнаманы дамытуда және құқық қолдану практикасын конституциялық қағидаттар мен Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне сәйкестендіруде конституциялық бақылаудың маңызды рөл атқаратынын бірауыздан атап өтті.
Осы тұрғыда балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған халықаралық бастамаларға мемлекеттердің белсенді қатысуының маңыздылығы да атап өтілді. 2025 жылы Балаларға қатысты зорлық-зомбылықты тоқтату жөніндегі жаһандық альянсқа қосылу мәселесіне назар аударылды.