2026 жылғы 27–29 қазанда Астана қаласында ЭЫДҰ-ның Салық салу мақсатында ашықтық және ақпарат алмасу жөніндегі Жаһандық форумының Қазақстан Республикасында ақпаратты автоматты түрде алмасу басталғаннан кейін құпиялылық пен деректерді қорғауды бағалау (CDS) жөніндегі миссиясы өтті.
Миссияның мақсаты салық төлеушілер туралы ақпараттың, оның ішінде халықаралық алмасу шеңберінде алынған мәліметтердің құпиялылығы мен қорғалуын қамтамасыз етудің ұлттық жүйесінің ЭЫДҰ Жаһандық форумы халықаралық стандарттарына сәйкестігін бағалау болды.
Миссия барысында сарапшыларға Мемлекеттік кірістер комитетінің ұйымдық құрылымы, ұлттық және халықаралық құқықтық база, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, IT және кибертәуекелдерді басқару, қолжетімділікті шектеу және ақпаратты қорғау жөніндегі қолданыстағы тетіктер таныстырылды.
Қаржылық ақпаратты автоматты түрде алмасу (AEOI), сұрау салу бойынша ақпарат алмасу (EOIR) және елдер бойынша есептілік (CbCR) шеңберінде ақпаратты алу, өңдеу, сақтау және пайдалану процестеріне, оның ішінде салықтық тәуекелдерді талдау және салықтық әкімшілендіру мақсаттарына ерекше назар аударылды.
Миссияның практикалық бөлігінде сарапшылар Кибершабуылдарды талдау және тергеп-тексеру орталығына, сондай-ақ ақпаратты автоматты түрде алмасу және салықтық тәуекелдерді талдау бөлімшелеріне барды. AEOI порталы, деректерді қорғау, ақпараттық қауіпсіздік мониторингі және ақпаратқа қолжетімділікті шектеу тетіктері таныстырылды.
ҚР ҚМ МКК Төрағасы Жандос Дүйсембиевтің ЭЫДҰ сарапшыларымен қорытынды кездесуінде миссияның нәтижелері шығарылды. Сарапшылар ұсынылған жұмысқа, құпиялылық пен деректерді қорғауды қамтамасыз етудің қолданыстағы тетіктеріне, сондай-ақ қазақстандық тараппен сындарлы өзара іс-қимылға жоғары баға берді. Сонымен қатар ұлттық жүйені одан әрі жетілдіру бойынша алдын ала қорытындылар мен ұсынымдар талқыланды.
Қазақстандық тарап ЭЫДҰ сарапшыларына сындарлы өзара іс-қимыл және кәсіби ұсынымдар үшін алғыс білдіріп, оларды одан әрі зерделеуге және іске асыру бойынша қажетті шараларды қабылдауға дайын екенін растады.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан 2021 жылдан бастап халықаралық стандарттарға сәйкес шет мемлекеттермен қаржылық ақпаратты автоматты түрде алмасуды жүзеге асырып келеді.