2026 жылғы 29 қазанда Министрліктің Әдеп жөніндегі уәкілі Заң департаментімен бірлесіп қызметшілерге арналған семинар өткізді. Семинарға 61 қызметкер қатысты.
Семинар барысында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының кафедра доценті Рахимов Нұрғали Берікұлы «Заң мен тәртіп» идеологиясын қоғамда ілгерілетудің жаңа тәсілдері» және «Заңсыз сыйақы мен пара: ұғымы және негізгі айырмашылық белгілері» тақырыптарында дәріс оқыды.
Бірінші тақырып аясында «Заң мен тәртіп» идеологиясының мәні мен тұжырымдамалық негіздері, әділдік және барлығының заң алдындағы теңдігі қағидаттарының маңызы қарастырылды. Сонымен қатар 2025–2030 жылдарға арналған Тұжырымдаманы іске асырудың практикалық тәсілдеріне ерекше назар аударылды. Спикер осы бағыттағы жұмысты ұйымдастыру барысында кездесетін негізгі проблемаларды атап өтіп, ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын өткізудің жаңа тәсілдерін ұсынды. Бұл ретте мемлекеттік қызметшілердің жеке үлгісін көрсету мен басшылардың белсенді қатысуының маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Семинардың екінші бөлігінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы заңсыз сыйақы үшін жауаптылық мәселелері талқыланды. Мемлекеттік қызметшілерге сыйлық беруге және оларды алуға қатысты заңнамалық шектеулер, сондай-ақ әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары мен қылмыстық құқық бұзушылықтардың негізгі айырмашылықтары түсіндірілді. Құқық бұзушылық пен қылмысты ажырату кезінде алдын ала уағдаластықтың болуы, лауазымды тұлғаның әрекетінің сипаты, сондай-ақ заңсыз сыйақыны беру немесе алу мән-жайларының маңызына ерекше тоқталды.
Бұдан бөлек, спикер қатысушыларды 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізу көзделген, параны талап ету, ұсыну және уәде ету, сондай-ақ квазимемлекеттік сектордағы заңсыз сыйақы үшін қылмыстық жауаптылыққа қатысты заңнамадағы өзгерістермен таныстырды.
Өткізілген семинар мемлекеттік қызметшілердің құқықтық білімін кеңейтуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптары туралы хабардарлығын арттыруға және мемлекеттік қызметте заңдылық пен адалдық қағидаттарын нығайтуға ықпал етті.