Ақтөбе облысының гидротехникалық құрылыстарына қызмет көрсететін мекемеге жаңа арнайы техника табысталды

Ақтөбе облысының гидротехникалық құрылыстарына қызмет көрсететін мекемеге жаңа арнайы техника табысталды

Республика күніне орай Садовое тұрғын үй алабының экосаябағында өңірдегі гидротехникалық құрылыстарға қызмет көрсетуге арналған арнайы техникалардың кілттерін табыстау рәсімі өтті. Іс-шараға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қатысты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында су мәселелерін шешудің әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық даму үшін маңыздылығын атап өтті. Бұл міндеттер гидротехникалық құрылыстарды күтіп ұстау мен жөндеуді қоса алғанда, жүйелі жұмысты талап етеді.

Ақтөбе облысында елді мекендерді су басу қаупінен қорғау және гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізілуде. Биыл бес бөгет жөнделді. Алдағы уақытта бұл жұмыстардың тиімділігін арттыру үшін мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайтып, мамандарды қажетті техникамен қамтамасыз ету және жөндеу жұмыстарын уақтылы жүргізуге жағдай жасау қажет. Бұл су шаруашылығы нысандарының сенімділігін арттырып, өңірдің су қауіпсіздігін нығайтуға септігін тигізеді», – деді Асхат Шахаров.

Салтанатты рәсім барысында гидротехникалық құрылыстарға қызмет көрсететін мекемеге арнайы техника мен көлік құралдарының 26 бірлігі табысталды. Олардың қатарында жұмысшыларды тасымалдауға арналған автокөліктер, автокрандар, шынжыр табанды техника және басқа да арнайы көлік құралдары бар.

Жаңа техникалар гидротехникалық құрылыстарды күтіп ұстау және жөндеу жұмыстарының жеделдігі мен сапасын арттыруға, су басу қаупінің алдын алуға және су шаруашылығы нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-zher-paidalanuy/press/news/details/1320629?lang=kk