Астанада тұтынушылар құқығын қорғау үшін қандай шаралар қабылданып жатыр

Астанада тұтынушылар құқығын қорғау үшін қандай шаралар қабылданып жатыр

Астанада 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша азаматтардан 10 102 өтініш түсті. Оларды қарау нәтижесінде тұтынушыларға 360 млн теңге қайтарылды. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте департамент басшысының орынбасары Гүлзада Алматбаева жан-жақты мәліметі беріп өтті, деп хабарлацды елорда әкімдігінің сайты.

Өтініштердің басым бөлігі электрондық және бөлшек саудаға, сондай-ақ тұрмыстық және білім беру қызметтеріне қатысты болды. Азаматтар көбіне сапасыз тауар сатып алу, ақшаны қайтарудан бас тарту, шарт талаптарының бұзылуы, қызметтердің сапасыз көрсетілуі, сондай-ақ тауарлар мен қызметтер туралы жалған немесе толық емес ақпарат берілуі жөнінде шағымданған.

«Өтініштерді қарау қорытындысы бойынша 4 837 жағдайда тұтынушылардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Тағы 2 218 өтініш бойынша азаматтарға заңнама талаптары түсіндірілді. Ал 1 612 жағдайда дау тараптардың өзара келісімімен шешіліп, өтініш берушілер өтініштерін кері қайтарып алған. Сонымен қатар 2 022 өтініш құзыретіне сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданды. Тағы 684 өтінішті қарау қазан айына ауыстырылды. Есепті кезеңде департамент тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында 203 тексеру жүргізді. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша кәсіпкерлерге 53 нұсқама берілді. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 4,7 млн теңгеден асты», – дейді департамент өкілі.

Сауда қызметі саласындағы заңнама талаптарының сақталуына да ерекше назар аударылды. Тоғыз айда осы бағыт бойынша 162 өтініш қаралды. Анықталған заңбұзушылықтар үшін сауда қызметінің 162 субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 3,2 млн теңгеден асты. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған кәсіпкерлердің 156-сы шағын, үшеуі орта және үшеуі ірі бизнес өкілдері.

«Департамент өтініштерді қарау және заңбұзушылықтарға қатысты шаралар қабылдаумен қатар, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын да жүргізеді. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі ресми парақшалар арқылы қала тұрғындарына тұтынушылардың құқықтары, өтініш беру тәртібі және сатушылармен немесе қызмет көрсетушілермен туындаған дауларды шешу жолдары түсіндіріледі.
Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Департаменттің негізгі міндеттері – азаматтардың заңды мүдделерін қорғау, өтініштерді қарау тиімділігін арттыру, заңбұзушылықтардың алдын алу және адал сауда ортасын қалыптастыру», – деді Гүлзада Алматбаева.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1320576?lang=kk