Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептік құндылықтарын дамыту

Мемлекеттік қызметшілердің әдептілік тәртібі және олардың өз міндеттеріне қатысты әділеттілік деңгейі жалпы қоғам жағдайының, ондағы сыбайлас жемқорлық деңгейінің, инвестициялық ахуал жағдайының және т.б. маңызды көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Бұл ретте Елбасының «мемлекеттік қызметші, басшы берілген билікті қолдануы керек, бірақ құмарлыққа салынбауы керек», «Кейде лауазымға тағайындайсың, ал ол аяғының астына қарамайды», «Мемлекеттік органдардың басшылары мен мемлекеттік қызметшілер жалпы «өз мүддесін емес, халықтың игілігін ойлауы керек» деген сөздерін жадыңызда мықтап ұстаған жөн.

Әдеп жөніндегі уәкілдің негізгі функцияларына мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауы, мемлекеттік қызмет туралы заңдарына түсіндірме және кеңес беруі, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуы және ұжымда қолайлы моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыруы жатады. Алайда бұл жауапкершілік жүгін арқалау оңай шаруа емес. Ол үшін өмірлік мол тәжірибе қажет-ақ.  

Әдеп жөніндегі уәкілдің дербес атқаратын лауазымының енгізілуі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 12 қадамын жүзеге асыруды көздейді. Ал мемлекеттік қызметшінің моральдық-әдептік құндылықтарын дамыту арқылы оның оң имиджін қалыптастыру идеологиялық, саяси және мәдени аспектілерді қарастырады. Мемлекеттік қызметшінің кәсіби шебер болуы жеткіліксіз. Оның тартымды, әлеуметтік топтардың көпшілігіне қолайлы бейнесі болуы қажет. Сондықтан мемлекеттік қызметшілердің бейнесі - ең алдымен билік органдарында жұмыс істейтін лауазымды тұлғалардың мінездемелерінен, олардың образдарын тікелей және жанама құрастырушы факторлардан қалыптасады. Оның қалыптасуы - күрделі және ұзақ үдеріс. Мемлекеттік қызметшінің жұмысы мен тәртібі әрдайым ашық. Оның бейнесі - мемлекет бейнесінің бір бөлігі. Мемлекеттік қызметшілердің, жалпы мемлекеттік органдар басшыларының жұмысы бойынша биліктің пәрменділігі, олардың қарапайым халықтың мұңы мен мұқтажына жауап бере білу дейгейі бағаланады. Мемлекеттік қызметшілерге жүктелетін жоғары жауапкершілік осыдан туындайды.

Мемлекетке қызмет ету – қоғам мен мемлекеттің тарапынан ерекше сенімге иелену, моральдық-әдептілік талапқа сай келіп, еліміздің жарқын келешегін түзуге бар күш-жігерді жұмсау. Лайым осы бағытта аянбай, еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалының жақсаруына үлес қосайық!

 

ҚР ДСМ Медициналық бақылау комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің Әдеп жөніндегі уәкілі, медициналық қызметті сертификаттау және лицензиялау бөлімінің басшысы

А.Нугманов

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/dkmfk-almaty-oblast/press/news/details/1320573?lang=kk