Нью-Йорк, 2026 жылғы 29 қазан – Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров Грекия Премьер-министрі Кириакос Мицотакистің төрағалығымен өткен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаңа технологиялар және теңіз қауіпсіздігі: бейбітшілік пен қауіпсіздікке әсері» тақырыбындағы жоғары деңгейдегі ашық пікірталасында сөз сөйледі.
Қазақстандық дипломат қарулы қақтығыстарға қатыспайтын мемлекеттердің мүдделеріне нұқсан келтіретін жағдайларды қоса алғанда, азаматтық кемелер мен аса маңызды энергетикалық инфрақұрылымға ұшқышсыз жүйелерді пайдалана отырып шабуыл жасаудың жол берілмейтінін атап өтті. Халықаралық құқықты сақтау, кеме қатынасы еркіндігін қамтамасыз ету және халықаралық көлік бағыттарын қорғау қажеттігі атап өтілді.
Еуропа мен Азия, Жаһандық Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы көлік және цифрлық байланыстылықты дамыту жөніндегі Қазақстанның бастамаларына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) дамыту, TRIPP жобасының перспективалары, сондай-ақ транзиттік кедендік рәсімдерді ресімдеу уақытын сегіз сағаттан 30 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік берген Digital Trade Corridor платформасын енгізу атап өтілді. Сонымен қатар, өңірдің цифрлық байланыстылығын нығайтуға ықпал ететін Қазақстан мен Әзербайжанның бірлесіп Каспий теңізі арқылы ұзындығы 380 шақырым суасты талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосқанына жеке тоқталды.
Аса маңызды инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысында Қ.Омаров киберқауіпсіздік, спутниктік мониторинг және навигациялық жүйелерді қорғау салаларындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Каспий теңізінің экожүйесін мониторингтеуге арналған бірлескен цифрлық платформа құру жөніндегі бастамасы таныстырылды.