Мемлекет басшысының Жолдауы: Сербиямен ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері

Мемлекет басшысының Жолдауы: Сербиямен ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері

Белград, 2026 жылғы 29 қазан – Қазақстанның Сербиядағы Елшілігінде Президент Қ.Тоқаевтың «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға сербиялық сарапшылар қауымдастығының, іскерлік топтардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Елші Болат Иманбаев Жолдаудың негізгі ережелерін таныстырып, мемлекеттік жүйені жаңғырту, әлеуметтік саясат және экономикалық даму салаларындағы басымдықтарға тоқталды. Атап айтқанда, инфрақұрылымдық-логистикалық саладағы ауқымды жобаларға, энергетикаға, ауыл шаруашылығына, цифрландыруға және жасанды интеллектіні дамытуға ерекше назар аударылды.

Сербиялық сарапшылар Қазақстандағы саяси реформалардың жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын және елдің даму стратегиясында инновациялық бағытқа ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті.

Профессор Любица Васич Жолдауда заң үстемдігін қамтамасыз етуге, институттарды дамытуға, білім беру мен жасанды интеллект салаларына инвестиция салуға басымдық берілгеніне назар аударды. Саяси ғылымдар институтының профессоры Даяна Лазаревич ғылыми-технологиялық дамудың негізі ретінде ел егемендігі мен қоғам тұрақтылығына ерекше мән берілгенін атап өтті.

Қазақстан-Сербия бизнес-клубының төрағасы Александр Вукович Қазақстанның цифрландыру саласындағы көшбасшылық рөлін атап көрсетті. Сербия Сауда-өнеркәсіп палатасының өкілі Милица Кандич технологиялар мен инфрақұрылым салаларындағы бірлескен жұмыстың елеулі әлеуетіне тоқталып, «Халықтық құрылыс» бағдарламасын сербиялық компаниялар үшін үлкен мүмкіндік ретінде бағалады.

Сербия Сауда-өнеркәсіп палатасы жанындағы Электрондық коммуникациялар қауымдастығының хатшысы Иван Миликич Жолдауды ел болашағына қатысты мазмұнды пайым және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға арналған жол картасы ретінде сипаттады.

Журналистер Наташа Яковлевич пен Мария Милутинович «халықтық дипломатияны» дамытуға және екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасының жолға қойылуына назар аударып, бұл факторлардың халықтар арасындағы байланыстарды кеңейтудегі маңызын атап өтті.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Жолдауда ұсынылған реформаларды жүйелі түрде іске асыру Қазақстан мен Сербия арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, ғылыми-технологиялық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту үшін қосымша мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-belgrad/press/news/details/1320331?lang=kk