Таразда Берел қорғандарынан табылған 350 археологиялық жәдігер көрмеге қойылды

Таразда Берел қорғандарынан табылған 350 археологиялық жәдігер көрмеге қойылды

Таразда «Берел қорғандары – егемендік пен елдіктің мұрасы» атты көшпелі көрме өтті. Іс-шараны «Ежелгі Тараз ескерткіштері» және «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорықтары ұйымдастырды.

Көрмеге Берел қорғандарынан табылған 350 археологиялық жәдігер қойылды. Олардың қатарында 2500 жылдан астам тарихы бар алтын бұйымдар, №36 қорғаннан табылған бұғы-грифон бейнесімен безендірілген ат әбзелдері, №16 қорғандағы адам сүйектерінің негізінде қалпына келтірілген антропологиялық бейнелер бар. Сондай-ақ №2 қорғаннан табылған жануар бейнесіндегі сабы бар қола айна, әйелдердің әшекей бұйымдары мен Берел жылқысының ат әбзелдерінің көшірмесі ұсынылды.

Археологиялық жәдігерлер ежелгі сақтардың тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетінен сыр шертіп, Шығыс Қазақстанның бай тарихи мұрасы туралы мағлұмат береді. 

Іс-шараға мәдениет саласының өкілдері, жоғары оқу орындарының студенттері, оқытушылар және еңбек ардагерлері қатысты.

Көшпелі көрме музейлер арасындағы шығармашылық байланысты нығайтып, еліміздің тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға ықпал етеді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1320161?lang=kk