Жуырда бұл процедура толығымен цифрлық форматқа көшеді. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін беруде адам факторын жою туралы @pavlodar.rsk алаңында Жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов айтып берді. Оның айтуынша, бүгінде бұл процедура біршама ұзаққа созылады. Алдымен жоспарланған конкурстар туралы ақпарат мерзімді басылымдарда, жергілікті атқарушы органдардың сайттарында, ақпараттық стендтерде және жер қатынастары бөлімдері мен басқарманың әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында орналастырылады. Одан кейін қалалар мен аудандардың әкімдіктері жауапты болып табылатын конкурс өтеді. - Бүгінгі таңда түзетулер енгізіліп, үміткерлерді бағалау тәсілі өзгертілді, критерийлердің жаңартылған жүйесі енгізілді, - деді спикер. - Конкурстық ұсыныстар бір гектарға шаққандағы болжамды инвестиция көлемі, ауыл шаруашылығы техникасының болуы, мал басы және мамандардың біліктілігі сияқты негізгі көрсеткіштер бойынша бағаланады. Мемлекет басшысы атап өткендей, жерді бөлу туралы шешімдер электрондық конкурстар негізінде цифрлық форматта қабылдануы тиіс. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беру кезінде электрондық конкурсты цифрлық форматта заңнамалық түрде бекіту үшін Жер кодексіне түзетулер әзірленді. Түзетулер арқылы конкурс жеңімпазын анықтау бойынша жер комиссиясының функциясы алып тасталады, бөп көп сатылы келісулер мен хаттамалық процедуралар сияқты әкімшілік кедергілерді жояды. Өтінім беруден бастап жеңімпазды анықтауға дейінгі бүкіл процесс ақпараттық жүйелерді мемлекеттік деректер базасымен интеграциялау және жаңа критерийлер бойынша конкурсанттарға балл беру арқылы электрондық форматта жүзеге асырылады. Алдын ала есептеулер бойынша, бұл конкурстарды өткізу мерзімін екі есеге қысқартады.Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін беруге арналған электрондық конкурстарды енгізудің нақты мерзімі әлі жоқ, алайда ақпараттық жүйелерді интеграциялау бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Фото: ChatGPT