Мемлекет басшысы әскери реформа мәселелері бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді

Мемлекет басшысы әскери реформа мәселелері бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Негізгі мәселе – әскери реформа жоспарының жобасы. Мемлекет басшысы еліміздегі ауқымды өзгерістерді ескере отырып, қорғаныс саласын реформалау жөнінде ұсыныстар әзірлеуді және оны Қауіпсіздік Кеңесінің қарауына енгізуді тапсырды. Президент қысқа мерзімде заманауи, ұтқыр әрі технологиялық тұрғыдан озық армия құрудың айрықша маңызына назар аударды. – Қарулы күштердің сапасын өзгерту міндеті қойылды. Өзгерістер басқару ісін, әскери қызметшілерді даярлауды, кадр саясатын, әскери білім беруді, қорғанысты жоспарлау мен технологиялық жарақтандыруды қамтуға тиіс. Әскери қызметтің қауіпсіздігіне, әскерге басшылық ету мәдениетіне және мемлекет ресурстарын тиімді пайдалануға айрықша мән беру керек. Армияның қоғаммен қарым-қатынасы да өзгеруге тиіс. Кешенді реформа қажет. Бұл істе толыққанды шешімдер қабылданбайынша, көздеген нәтижеге жету мүмкін емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Отырыста Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева әскерді жасақтаудың халықаралық тәжірибесін, ұрыс қимылдарын жүргізудің заманауи тәсілдерін және отандық мамандардың ұсыныстарын ескере отырып әзірленген Жоспардың негізгі ережелерін таныстырды. Құжатта мемлекеттің бүкіл әскери жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған институционалдық өзгерістер көзделген. Атап айтқанда, Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын қайта қарау, басқару және қорғанысты жоспарлау тетіктерін жетілдіру, Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру, сондай-ақ армияның негізгі компоненттерін нығайту жоспарланып отыр. Бұл реформаның маңызды аспектісі – мерзімді әскери қызметтің екі кезеңнен тұратын үлгісіне көшу. Әскерге шақырылғандар алғашқы алты айда оқу орталықтарында даярлықтан өтеді. Кейінгі алты айда тікелей әскери бөлімдерде қызмет етеді. Бұл кезеңде жауынгерлік даярлыққа және бөлімшелер құрамында міндеттерді орындауға басымдық беріледі.  

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-audan/press/news/details/1319995?lang=kk