«Хорасан уәлиаты»: Қазақстан үшін нақты қауіп қайсы?

«Хорасан уәлиаты»: Қазақстан үшін нақты қауіп қайсы?

Соңғы жылдары «Хорасан уәлиаты» немесе ISIL-K атауы халықаралық қауіпсіздік күн тәртібінде жиі аталып жүр.

Алайда бұл ұйым нақты қандай құрылым? Оның идеологиясы неден тұрады? Неліктен Орталық Азияға назар аударады? Қазақстан үшін қандай қауіп бар? Тікелей әскери қатер мен ақпараттық-идеологиялық тәуекелдің ара-жігі қайда?

Осы мәселелер жөнінде Қызылорда облысы дін істері басқармасының Дін мәселелерін зерттеу орталығының бөлім басшысы Асхат Ерубаймен сөйлестік.

- Асхат мырза, соңғы жылдары «Хорасан уәлиаты» деген атау жиі айтылып жүр. Алдымен осы ұйымның өзі туралы түсіндіріп өтсеңіз. Бұл қандай құрылым?

Асхат Рустамұлы: «Хорасан уәлиаты» - «Ислам мемлекеті» (Қазақстанда тыйым салынған) террористік ұйымының Ауғанстанда қалыптасқан құрылымы. Халықаралық БАҚ беттерінде оны ISIL-K немесе IS-Khorasan деп атайды. Бұл жерде бір маңызды мәселені ажыратып алған жөн. «Хорасан» атауының өзі террористік ұғым емес. Ол – ислам өркениетінің тарихында қолданылған тарихи-географиялық атау. Әртүрлі тарихи кезеңдерде оның аумағы қазіргі Иранның солтүстік-шығысын, Ауғанстанның бір бөлігін және Орталық Азияға жақын өңірлерді қамтыған.

Ал террористік ұйым осы тарихи атауды өзінің идеологиялық мақсаттарына пайдаланып отыр. Сондықтан қазіргі «Хорасан уәлиатын» тарихи Хорасанмен немесе жалпы ислам дінімен байланыстыруға болмайды.

- Яғни террористік ұйым тарихи атауды өз идеологиясына бейімдеп алған деуге бола ма?

Асхат Рустамұлы: Дәл солай. Террористік ұйымдардың идеологиялық насихатында тарихи және діни ұғымдарды өз мақсаттарына пайдалану жиі кездеседі. Олар белгілі бір терминге жаңа саяси-идеологиялық мазмұн беруге тырысады. «Уәлиат», «халифат», «жиһад» секілді діни немесе тарихи ұғымдарды қолдану арқылы өз әрекеттерін діни тұрғыдан заңдастыруға ұмтылады. Бірақ қоғам мұны ажырата білуі керек. Террористік ұйымның діни терминдерді пайдалануы оның ислам дінінің атынан сөйлеуге құқығы бар дегенді білдірмейді. Керісінше, діни ұғымдарды зорлық-зомбылықты ақтау үшін пайдалану – террорлық  идеологияның негізгі ерекшеліктерінің бірі.

- «Хорасан уәлиаты» қашан және қандай жағдайда пайда болды?

Асхат Рустамұлы: «Хорасан уәлиатының» қалыптасу алғышарттарыашық дереккөздердегі мәліметтер бойынша  2014 жылы басталды. Сол кезде ИШИМ Ауғанстандағы радикалды топтармен байланыс орнатып, өз қатарына жаңа күштерді тарта бастады.

2015 жылғы 10 қаңтарда Хафиз Саид Хан бастаған топ ИШИМ-ге адалдығын жариялап, жаңа құрылымның құрылғанын мәлімдеді. Ал 26 қаңтарда ИШИМ-нің ресми өкілі Әбу Мұхаммад әл-Аднани «Хорасан уәлиатының» құрылғанын жариялап, Хафиз Саид Ханды оның жетекшісі ретінде таныстырды.

2015 жылдың тамызында Ауғанстандағы «Түркістан ислам партиясы» да ИШИМ-ге адалдық антын беріп, Хорасан уәлиатына қосылғанын жариялады. Бұл ұйымның құрамын кеңейтіп қана қоймай, оның Орталық Азиямен байланысын күшейткен маңызды кезең болды. Кейін Хорасан уәлиатының құрамына басқа елдерден келген содырлар да қосылды. Яғни бұл ұйым бір күнде пайда болған құрылым емес, Ауғанстандағы бұрыннан қалыптасқан радикалды ортаның ИШИМ-нің трансұлттық идеологиясымен тоғысуы нәтижесінде қалыптасқан террористік құрылым деуге болады.

- Ұйымның идеологиясының негізгі ерекшелігі неде?

Асхат Рустамұлы: Оның идеологиясының өзегінде радикалды түсіндірілген жаһандық халифат идеясы жатыр. Сонымен бірге ұйым діни алауыздықты, зорлық-зомбылықты ақтайтын радикалды түсініктерді таратады.

Бірақ қазіргі террорлық насихатты тек діни ұрандармен шектеледі деп қарау қате. Террористік ұйымдар адамның әлеуметтік немесе саяси мәселелерін де пайдаланады. Мысалы, жұмыссыздық, кедейлік, әділетсіздік, билікке наразылық, әлеуметтік оқшаулану секілді проблемаларды өз идеологиясына тиімді пайдаланып, байланыстыруы мүмкін.

Осылайша адамның бойындағы шынайы мәселе мен радикалды идеология арасында байланыс орнатуға тырысады.

- Неліктен «Хорасан уәлиаты»  Орталық Азияға ерекше назар аударады?

Асхат Рустамұлы: Бұған бірнеше фактор әсер етеді. Біріншіден, Ауғанстан Орталық Азияға жақын орналасқан. Екіншіден, аймақ елдерінің тарихи, мәдени және тілдік байланыстары бар. Үшіншіден, Орталық Азия азаматтарының Ресей, Түркия және Еуропа елдерінде көп болуы трансұлттық ұйымдардың олармен байланыс орнатуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Хорасан уәлиаты» Орталық Азия аудиториясына түсінікті тәжік, өзбек және орыс тілдерінде насихат материалдарын таратып келеді. Мысалы, зерттеулерде ұйымның тәжік тіліндегі «Sadoi Khuroson» сияқты медиажобалары болғаны айтылады. Яғни ұйым аймақ тұрғындарына ықпал ету үшін олардың тілін, ортасын және әлеуметтік мәселелерін ескеруге тырысады.

- Ал қазақ тілді аудиторияға бағытталған насихат туралы не айтуға болады?

Асхат Рустамұлы: Бұл мәселеде нақты дерекке сүйену керек. Өзім жүргізілетін күнделікті интернет-мониторингті қадағалап отырамын, қазіргіге дейін «Хорасан уәлиаты» атынан қазақ тілінде тікелей ақпарат таратылғанын кездестірген емеспін. Негізінен Орталық Азияға бағытталған насихат орыс, тәжік және өзбек тілдерінде байқалады. Сондықтан «Хорасан уәлиаты қазақ жастарын жаппай үгіттеп жатыр» деп айтуға қазір негіз жоқ. Дегенмен Қазақстан - көпэтносты ел, азаматтарымыз әртүрлі тілдегі ақпаратты тұтынады. Сол себепті өзге тілдердегі радикалды контенттің қазақ тілді аудиторияға жанама ықпал ету мүмкіндігін де ескеру қажет.

- Қазақстан үшін «Хорасан уәлиаты» қаншалықты қауіпті? Қазақстанды ұйымның тікелей нысанасы деп айтуға бола ма?

Асхат Рустамұлы: Қазіргі ашық деректерге сүйеніп, Қазақстанды «Хорасан уәлиатының» негізгі немесе басым нысанасы деп айтуға негіз жеткіліксіз. Оның үстіне Қазақстан мен Ауғанстанның ортақ шекарасы жоқ. Сондықтан Ауғанстаннан Қазақстанға ірі қарулы топтардың тікелей келуі қазіргі негізгі қауіп ретінде қарастырылмайды. Бірақ бұл қауіп мүлде жоқ деген сөз емес. Қазақстан үшін интернеттегі радикалдану, адамдарды трансұлттық деңгейде тарту , шетелдегі азаматтарға ықпал ету және Ауғанстандағы жағдайдың Орталық Азияға жанама әсері сияқты тәуекелдер маңызды. Сондықтан қауіптің деңгейін асырып та, төмендетіп те көрсетпей, нақты дерекке сүйену қажет .

- Орталық Азия азаматтарын, оның ішінде Қазақстан азаматтарын тарту қаупі бар ма?

Асхат Рустамұлы: Орталық Азия азаматтарының «Хорасан уәлиатының» қатарына тартылғаны туралы халықаралық зерттеулерде деректер бар. Олардың арасында Қазақстан азаматтары туралы да жекелеген мәліметтер кездеседі. Бірақ мұндай деректерге қарап, «Қазақстан азаматтары жаппай тартылып жатыр» деген қорытынды жасауға болмайды. Ұйым үшін Орталық Азия азаматтарының тіл білуі, өңірдің ерекшелігін түсінуі және Ресей, Түркия, Еуропа сияқты елдердегі әлеуметтік байланыстары маңызды болуы мүмкін. Сондықтан бұл бағытты қауіпсіздік тұрғысынан бақылауда ұстау қажет.

Қазір интернет дәуірі өте қатты артты. Бұрын террористік ұйымға қосылғысы келген адам оның бақылауындағы аумаққа баруы керек еді. Қазір адамның радикалды контентпен танысуы, байланыс орнатуы, үгітшімен сөйлесуі үшін физикалық тұрғыда сол ұйым орналасқан жерде болуы міндетті емес.

Интернет арқылы: үгіт-насихат таратылады;  адамдармен байланыс орнатылады; идеологиялық ықпал жасалады; рекрутинг жүргізіледі;  кей жағдайда қаржылық байланыстар ұйымдастырылады. Сондықтан қазіргі терроризмнің алдын алу жұмысы физикалық кеңістікпен қатар цифрлық кеңістікті де қамтуы тиіс.

- Орталық Азияда, оның ішінде Қазақстан азаматтарын интернет арқылы өз қатарына тартудың нақты мысалдары бар ма?

Асхат Рустамұлы: Орталық Азия азаматтарын интернет арқылы радикалды ұйымдарға тарту әрекеттері туралы нақты деректер бар. Алайда Қазақстан азаматтарына қатысты дәл «Хорасан уәлиаты» интернет арқылы тартты деген ашық әрі нақты мысалдарды көптеп айтуға негіз жоқ. Сондықтан бұл мәселені асырып көрсетуге болмайды. Біз білетін деректер Орталық Азияның басқа елдеріне қатысты көбірек кездеседі. Бірақ бұл Қазақстан үшін мәселе өзекті емес дегенді білдірмейді. Себебі адам радикалды контенттің ықпалына террористік ұйым орналасқан жерде емес, өз елінде отырып-ақ түсуі мүмкін. Сондықтан жастарға интернеттегі ақпаратты сыни қабылдауды, күмәнді контентті ажырата білуді және радикалды идеологияның қалай жұмыс істейтінін түсіндіру бүгінгі күннің ең маңызды мәселесі.

- Радикалдану дегенде нені түсінуіміз керек? Дінге қызығушылықтың өзі қауіп пе?

Асхат Рустамұлы: Жоқ. Мұны нақты ажырату керек. Адамның дінге қызығуы, мешітке баруы, діни кітап оқуы немесе діни білім алуға ұмтылысы - радикалданудың белгісі емес. Радикалданудың қауіпті тұсы - зорлық-зомбылықты ақтайтын, басқа адамдарды жау ретінде көрсететін және заңды тәртіпті күш қолдану арқылы өзгертуді дұрыс деп санайтын идеологиялық көзқарастың қалыптасуы. Сондықтан діндарлық пен радикализмді теңестіру - үлкен қателік. Керісінше, мұндай жалпылама түсінік қоғамға зиян келтіруі мүмкін.

Жастар ақпаратты белсенді тұтынатын, әлеуметтік ортасы тез өзгеретін аудитория. Бірақ барлық жастарды осал топ деп қарауға болмайды.

Радикалды ұйымдар көбіне адамның белгілі бір жеке проблемасын пайдалануға тырысады. Мысалы, өзін қоғамнан оқшау сезіну, әділетсіздікке ұшырадым деп қабылдау, отбасындағы немесе әлеуметтік ортадағы қиындықтар, болашаққа сенімсіздік сияқты жағдайлар болуы мүмкін.

Террористік насихат осы сезімдерді пайдаланып, адамға «сенің проблемаңның себебі - мына топ» деген қарапайым әрі қауіпті түсінік ұсынуы ықтимал.

- Яғни террористік насихаттың мақсаты тек діни сенімге әсер ету емес пе?

Асхат Рустамұлы: Иә, тек діни сенімге әсер етумен шектелмейді. Қазіргі радикалды насихатта діни, саяси және әлеуметтік мәселелер қатар пайдаланылады. Мысалы, қоғамдағы нақты бір мәселені алып, оған радикалды түсінік беріп, белгілі бір адамды немесе топты «кінәлі», «жау» ретінде көрсетуі мүмкін. Осылайша адамның наразылығын күшейтіп, зорлық-зомбылықты ақтауға дейін жеткізеді. Сондықтан радикалды насихаттан қорғанудың маңызды жолдарының бірі ақпаратты сыни қабылдау және кез келген мәліметке бірден сене бермеу.

- Асхат мырза, әңгімені қорытындыласақ, Қазақстан «Хорасан уәлиаты» қаупіне қалай қарауы керек?

Асхат Рустамұлы: Ең бастысы - бұл мәселеге сабырмен әрі нақты дерекке сүйеніп қарау керек. Қазір Қазақстанға тікелей әскери қауіп төніп тұр деп айтуға негіз жоқ. Бірақ интернет арқылы радикалды идеологияның таралуы, адамдарды трансұлттық деңгейде тарту және Орталық Азиядағы жағдайдың жанама әсері сияқты тәуекелдер бар. Сондықтан қауіптен қорқып, қоғамда үрей қалыптастыру емес, оның қалай таралатынын түсініп, алдын алу маңызды. Ол үшін жастардың діни және ақпараттық сауатын арттырып, интернеттегі күмәнді контентті сыни бағалауға үйрету қажет. Ең бастысы - террористік ұйымның діни ұғымдарды пайдалануын ислам дінімен шатастырмау. Қауіпті дұрыс түсінсек, оның алдын алуға да мүмкіндік бар.

Материал Қызылорда облысы бойынша ТҚК аппаратының ақпараты негізінде дайындалды

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/antiterrosticheskiy-centr/press/news/details/1319811?lang=kk