ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӨРТ САНЫ АЗАЙҒАН

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӨРТ САНЫ АЗАЙҒАН

Түркістан облысында 2026 жылдың басынан бері төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстары атқарылуда. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өңірде өрт саны өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға төмендеген. Бұл туралы өткен брифингте Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының бірінші орынбасары Асқар Сейсенов мәлімдеді.

"Жыл басынан бері облыс аумағында 246 өрт тіркелді. Өрт салдарынан 5 адам қаза болып, 7 адам жарақаттанған. Негізгі себептердің бірі – электр қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы. Өрттен келген материалдық шығын 803 млн теңгені құраса, құтқарылған мүлік көлемі 1,45 млрд теңгеге жетті. Төтенше жағдайлар департаментінің аумақтық бөлімшелері жыл басынан бері авариялық-құтқару жұмыстарына 374 рет шығып, 132 адамды құтқарған. Сонымен қатар, 23 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметі дабыл бойынша 2 459 рет шыққан. Өңірдегі орман алқаптарында 2 өрт дерегі тіркеліп, жалпы 60,7 гектар аумақты қамтыған. Бұл ретте минералданған жолақтарды жасау жоспары 100% орындалды. Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында да профилактикалық жұмыстар күшейтілген. Қауіпті су айдындарында 1 086 рейд өткізіліп, 172 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Балалар арасындағы қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында 2 мыңнан астам бала жүзуге тегін оқытылды"-деді спикер.

Сондай-ақ, құтқару қызметінің материалдық-техникалық базасын жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі таңда Департамент теңгерімінде 244 өрт техникасы бар, бұл қажеттіліктің 75,5%-ын құрайды. Нормаға сәйкес қосымша 101 техника қажет. Сонымен бірге, шалғай ауылдық елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін ашу жұмыстары жүргізілуде. 2025-2026 жылдары 11 өрт сөндіру бекеті ашылып, тағы 8 бекеттің құрылысы жүріп жатыр.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-turkistan/press/news/details/1281851?lang=kk