БҚДА СУБСИДИЯЛАРДЫ БӨЛУ КЕЗІНДЕ ТЕҢ ҚОЛЖЕТІМДІ ЕТУ ҚАҒИДАТЫНЫҢ БҰЗЫЛҒАНЫН АНЫҚТАДЫ

БҚДА СУБСИДИЯЛАРДЫ БӨЛУ КЕЗІНДЕ ТЕҢ ҚОЛЖЕТІМДІ ЕТУ ҚАҒИДАТЫНЫҢ БҰЗЫЛҒАНЫН АНЫҚТАДЫ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін несие беру кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қағидаларының қолданылуына жүргізілген талдауды аяқтады. Талдау қорытындысы бойынша субсидия қаражатын бөлу операторы «Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ-нің әрекеттерінде монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілері анықталды.

Атап айтқанда, талдау барысында өтінімдерді қарау және субсидияларды төлеу тәртібінің бұзылғаны анықталды. Жұмыс органының өтінімдерді қарау кезектілігі олардың нақты келіп түсу ретіне сәйкес келмеген. Жануарларды, ауыл шаруашылығы техникасы мен технологиялық жабдықтарды сатып алуға арналған кредиттер, сондай-ақ лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға қатысты қаржы институттарының өтініштері белгіленген мерзімдерден бір айдан алты айға дейін кешіктіріліп қаралған. Сонымен қатар, жекелеген жағдайларда кейінірек келіп түскен өтінімдер бұрын тіркелген өтінімдерге қарағанда жылдамырақ қаралып, олар бойынша субсидиялар ертерек төленген.

Анықталған фактілер мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізудегі кезегі және тең қолжетімді ету қағидаттарының бұзылғанын көрсетеді. Соның салдарынан нарықтың жекелеген қатысушылары үшін артық жағдайлар қалыптасқан.

Талдау қорытындысы бойынша Агенттік «Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ-не бәсекелестікке қарсы әрекеттер белгілерінің бар екендігі туралы хабарлама жолдады. Агенттік мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну кезінде Қағидалар талаптарының сақталуын қамтамасыз етуді және монополияға қарсы заңнаманың бұзылуына жол бермеуді талап етті.

Қазіргі уақытта басқарма монополияға қарсы органның талаптарын толық орындады. Анықталған бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу үшін басқарма субсидиялау рәсімдерін жүргізу кезінде қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің және бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманың талаптарын сақтауды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдады.

Бұдан бөлек, Агенттік Ауыл шаруашылығы министрлігіне агроөнеркәсіптік кешен саласындағы қолданыстағы субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізу жөнінде ұсынымдар жолдады. Атап айтқанда, қаражаттың мақсатсыз пайдаланылуы анықталған жағдайда субсидиялар төлеуді тоқтата тұру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/zk/press/news/details/1319500?lang=kk