2026 жылғы 27 қазанда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл кеңесі және ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігінің қолдауымен Орталық Азия елдерінің бала құқықтары жөніндегі уәкілдерінің қатысуымен «Балалардың дауыстары: ұлттық стратегиялар және қауіпсіз цифрлық орта» тақырыбында II халықаралық форум өтті. Халықаралық форум аясында балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың пікірін ескеру, қауіпсіз цифрлық ортаны қалыптастыру және балалардың әл-ауқатын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Сонымен қатар балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі ұлттық стратегияларды іске асыру, балалардың шешім қабылдау үдерістеріне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту, цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету және интернеттегі ықтимал қауіптердің алдын алу бағыттарына ерекше назар аударылды. Форум жұмысына Ақмола облысының балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Ботакөз Балапайқызы Дүйсенова, Ақмола облысындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Әсем Әнуарбекқызы Аппаева, Ақмола облысының білім басқармасы Психологиялық қолдау орталығының басшысы Сайран Азнабайқызы Шокимова қатысты. Сондай-ақ форумға онлайн форматта Ақмола облысының атынан балалар өкілдері — Жарқайың ауданы Н. Крупская атындағы орта мектебінің 11-сынып оқушысы Милана Подрезова және Аршалы ауданы Ж. Ташенов атындағы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Айару Серік қатысты. Аталған халықаралық форум балалардың құқықтарын қорғау саласындағы тәжірибе алмасуға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және балалардың мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді. Форумның маңыздылығы — әрбір баланың дауысына құлақ асу, оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, қауіпсіз цифрлық ортаны қалыптастыру және балалардың қауіпсіз, бақытты әрі жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау.
Астана қаласында балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған II халықаралық форум өтті
Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/bala-qorgau-aqmola/press/news/details/1318365?lang=kk