ҚЫЗЫЛШАНЫҢ АЛДЫН АЛУ.

 Қызылша – ауа жолы арқылы өте жылдам таралатын вирусты жұқпалы аурулардың бірі. Бұрын қызылшамен ауырмаған немесе егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен байланыста болса, жұқтырып ауырып қалу мүмкіндігі өте жоғары. Ауру байланыс және ауа арқылы ауа-тамшы жолымен таралады. Вирус сыртқы ортаға ауырған адам сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде түкірікпен бөлінеді. Вирустың тез тарайтыны соншалықты, сыртқы ортада тұрақсыздығына қарамастан, ауа толқынымен ғимараттың вентиляциялық жүйесі арқылы таралған жағдайлар да белгілі. Инкубациялық кезеңнің  2-күні мен  бөртпелер шыққаннан кейінгі 4 күн аралығында ауырған адам инфекция көзі ретінде айналадағыларға қауіпті таратушы болады. Ал, 5-күннен бастап, бөртпелері бар адам ауруды жұқтырмайды. Бұл аурумен ауырып жазылған адам өмір бойы иммунитетін сақтайды. Қызылшамен ауырған аналардан туылған балалар 3 айға дейін бұл ауруға шалдықпайды, өйткені осы аралықта олардың қанында анасынан берілген антиденелері сақталады. Бұл аурумен ауырмаған және егілмеген адамдар қызылшаны жұқтыруға бейім болады және өзінің өмірінде кез-келген жаста ауру жұқтыруы мүмкін. Қызылшаның асқынуы: ең көп тараған түрі ортаңғы құлақтың қабынуы (отит), соқырлық, бронхтық пневмония, мойын лимфотүйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалит. Уақтылы диагноз қойып, ем тағайындап және ұйымдасқан ұжымда тіркелген жағдайда, ауру ошағын бұғаттап, әрі қарай таралуына жол бермеу мақсатында алдын алу іс-шараларын жүргізу маңызды. Қызылшаның алдын алудың ең тиімді, сенімді және баламасыз жолы - вакцинация. Қызылшаға қарсы егу – вирусты жасанды жолмен тоқтату, нәтижесінде ағза өзін қорғайтын иммунитет қалыптастырады. Ең алғашқы вакцинация балаларға 12-15 айлығында, екіншісі 6 жаста жасалады. Егу тұрақты иммундық қорғанышты қалыптастырады. Қызылшаға қарсы қосымша егулер науқаспен қатынаста болған қызылшаға қарсы егілмеген адамдарға эпидемиологиялық көрсетіліммен 30 жасқа дейінгі адамдарға салынады.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-zhangeldi-audany-akimat/press/news/details/1317789?lang=kk