Тәуелсіздік және тарихи тәжірибе: ғалымдар мен сарапшылар Қазақстанның өткені мен болашағына қатысты ойларымен бөлісті.

Тәуелсіздік және тарихи тәжірибе: ғалымдар мен сарапшылар Қазақстанның өткені мен болашағына қатысты ойларымен бөлісті.

Республика күні қарсаңында Baitursynuly University-де Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Қазақстанның Тәуелсіздігі және конституциялық жаңғыру: тарихи тәжірибе, өңірлік даму және келешегі» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.

Іс-шараны университет пен Қостанай облысы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасы ұйымдастырды.

Конференцияға Қазақстан Халық кеңесінің мүшелері Қ. С. Жанбыршин, Р. С. Гаджибалаев, Д. И. Павленко және Н. Е. Әбдібеков қатысты.

Іс-шара аясында тарих ғылымдарының докторы, ҚРУ Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Аманжол Күзембайұлының «Қостанай өлкесінің қысқаша тарихы» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Қостанай облысының 90 жылдығына орай жарық көрген кітап өңір тарихына арналған. Өз сөзінде автор аймақ тарихын зерттеудің және тарихи жадты келер ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар Астана халықаралық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Нұрлан Биекенов баяндама жасады.

Конференция барысында қатысушылар Қазақстан мемлекеттілігінің тарихи негіздерін, конституциялық өзгерістерді, өңірдің даму перспективаларын және ел бірлігін нығайтудағы қоғамдық институттардың рөлін талқылады.

Конференцияның жалғасы ретінде «Кәсіби мамандардың жастармен диалогі: құқық, кәсіпкерлік және ұлттық сөз» атты жастар алаңы ұйымдастырылды. Университет студенттері «Qostanai» телеарнасының директоры Заңғар Санай өткізген шеберлік сабағында мазмұнды әрі әсерлі мәтін жазудың қыр-сырын меңгерсе, кәсіпкер Ульяна Гуляеваның жетекшілігімен өздерінің бизнес-жобаларын әзірлеуге мүмкіндік алды.

Осылайша, конференция ғылыми көзқарас, тарихи жады мен ғылыми тәжірибені тоғыстырып, ел болашағы, Қостанай облысының дамуы және тәуелсіз Қазақстанды нығайтудағы жастардың рөлі жөнінде ашық пікір алмасуға арналған маңызды алаңға айналды.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-ishki-sayasat/press/news/details/1317788?lang=kk