Ақтөбедегі Индустриалды аймаққа 2,5 жылда 130 млрд теңге инвестиция тартылды

Ақтөбедегі Индустриалды аймаққа 2,5 жылда 130 млрд теңге инвестиция тартылды

Мемлекет басшысы өңір әкімдері үшін инвестиция тарту ең басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Инвестиция – экономиканың өсуіне, жаңа өндірістердің ашылуына және тұрақты жұмыс орындарының құрылуына жол ашатын негізгі фактор.

«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Әуез Тайымбетовтің айтуынша, өңірлердің бюджетке тәуелділігін азайтып, бюджетке қосымша салмақ түсірмей, тікелей инвестиция тарту – бүгінгі жұмыстың басым бағыттарының бірі.

Ақтөбе индустриялық аймағы – осы бағыттағы нақты нәтижелердің бірі. Соңғы 2,5 жылда мұнда жалпы сомасы 130 млрд теңгені құрайтын инвестиция тартылды. Жоспарланған 27 жобаның 21-і іске асырылды. Қалған жобалар толық жүзеге асқан кезде шамамен 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Индустриялық аймақта инвесторларға дайын инженерлік инфрақұрылым мен қолайлы жағдайлар ұсынылады. Бұл кәсіпорындардың құрылыс шығындарын азайтып, жобаларды іске асыру мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.

Осы мүмкіндіктерді пайдаланған кәсіпорындардың бірі – Владимир Ли басқаратын компания. Оның айтуынша, жер учаскесін алу және дайын инженерлік желілерді пайдалану құрылыс шығындарын айтарлықтай төмендеткен. Компания құрылысты 2023 жылы бастап, 2025 жылы аяқтаған.

Инвестициялық жобалардың жүзеге асуы өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, экономиканың әртараптануына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және Ақтөбенің тұрақты дамуына серпін береді.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-sayasat/press/news/details/1317660?lang=kk