Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында өлкетанушы Ләззат Қажаеваның жазушы Дидахмет Әшімханұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Сәулелі ғұмыр» кітабының таныстырылымы өтті.
Кітап-альбомға қаламгердің өмір жолы, шығармашылық мұрасы мен азаматтық ұстанымынан сыр шертетін фотосуреттер, туған-туыстары мен ауылдастарының естелік жазбалары енген.
Іс-шараны мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Сауытбек Абдрахманов жүргізді. Жиынға жазушылар, әдебиеттанушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кездесуде ақын Әлібек Қаңтарбаев, жазушы Әлібек Асқар, ақын Жанарбек Әшімжан және Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Бабажанұлы қаламгер туралы естеліктерін ортаға салды. Жиынға қатысушылар Дидахмет Әшімханұлының қазақ әдебиетіне қосқан үлесі мен шығармаларының маңызы жөнінде пікір алмасты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі