Маңғыстау облысының Полиция департаментінің қызметкерлері тауар белгісін заңсыз пайдалану белгілері бар өнімдерді сату дерегінің жолын кесті.
Тексеруге өңір аумағында белгілі бір брендтің тауарларын заңсыз сату мүмкіндігі туралы құқық иесінің өкілінен түскен өтініш негіз болған.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Тергеу іс-шаралары барысында Ақтау қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының санкциясымен Мұнайлы ауданының өнеркәсіптік аймағында орналасқан сауда нысанына тінту жүргізілді. Нәтижесінде полицейлер 282 дана өнімді анықтап, тәркіледі.
Қазіргі уақытта тәркіленген өнімнің шығу тегі, оны жеткізу, сақтау және өткізу арналары, сондай-ақ заңсыз айналымға қатысы болуы мүмкін өзге де тұлғалар анықталып жатыр. Қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Полиция кәсіпкерлерге бөтен тауар белгісін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салып, өнімдерді тек ресми жеткізушілерден сатып алуға шақырады.
Дереккөз: Polisia.kz