Атырауда лицензиясыз алкоголь сатқан дәмхана қызметі тоқтатылды
Қаралым: 10
Атырау қаласының Привокзальный-5 шағын ауданында орналасқан дәмханалардың біріне қатысты жергілікті тұрғындар тарапынан қоғамдық тәртіптің бұзылуына байланысты бірнеше рет шағымдар мен шақыртулар түскен.
14 қазан күні аталған тамақтану орнының алдында 1961 ж.т. ер адамның құлап, басынан жарақат алу дерегі тіркелді. Тексеру барысында азаматтың алкогольдік масаң күйде кафеден шығып, тепе-теңдігін жоғалтып, құлағаны анықталды.
Осы оқиғадан кейін полиция қызметкерлері аталған нысанға тексеру жүргізді. Нәтижесінде кафеде алкоголь өнімдерінің тиісті лицензиясыз заңсыз сатылғаны анықталды. Заңсыз айналымдағы алкоголь өнімдері толық тәркіленді.
Сонымен қатар алкоголь өнімдерін сатқан азаматшаның шетел азаматы екені белгілі болды. Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша тиісті әкімшілік материалдар рәсімделіп, заңнамаға сәйкес шаралар қабылданды. Дәмхана қызметі тоқтатылды.
Атырау облысы полиция департаменті тұрғындардың тыныштығын бұзуға, қоғамдық тәртіпті сақтамауға және алкоголь өнімдерін заңсыз сатуға жол берілмейтінін ескертеді.
Бұл бағыттағы профилактикалық және бақылау жұмыстары тұрақты түрде жалғасады.