Ресейдің Омбы облысында Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы ТЖМ-нің халықаралық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтті. Оған 130-дан астам маман қатысып, 32 бірлік техника жұмылдырылды. Қатысушылар шекаралас аумақтарда табиғи өрттер туындаған және таралған жағдайда бірлескен іс-қимылдарды пысықтады.
Қазақстан ТЖМ атынан Павлодар облысы ТЖД бастығы Рустамбек Амрин, Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД бастығы Жомарт Асқаров және бейінді бөлімшелердің мамандары қатысты. Іс-шара барысында екі мемлекеттің бөлімшелері арасындағы үйлесімді іс-қимыл, ақпарат алмасуды ұйымдастыру, сондай-ақ өрт жағдайы күрделенген кезде басқару органдары мен тартылған күштердің жедел әрекет етуге дайындығы пысықталды.
Оқу-жаттығулар үш кезеңнен тұрды. Әр кезеңде жағдай біртіндеп күрделеніп, ауа райы шарттары нақты жағдайларға барынша жақындатылды. Қатысушылар шекаралас аумақта ландшафтық өрт туындаған кездегі әрекеттерді, жедел ақпарат алмасуды және қазақстандық бөлімшелерді қарсы алу тәртібін пысықтады. Екінші кезеңде шартты өрт орман қорына таралып, орман шаруашылығы бөлімшелерін тарту, минералдандырылған жолақтар жасау және Ми-8 тікұшақтары мен шағын авиация ұшағын пайдалана отырып, аумақты әуеден патрульдеу ұйымдастырылды. Үшінші кезеңнің сценарийі бойынша өрт елді мекенге жетті. Осыған байланысты күштер мен құралдар тобы күшейтіліп, халыққа хабар беру және тұрғындарды уақытша орналастыру пункттеріне эвакуациялау ұйымдастырылды. Сонымен қатар медициналық, құқық қорғау және көлік қызметтерімен өзара іс-қимыл пысықталды.
Шекаралас өңірлерде өткізілетін бірлескен оқу-жаттығулар – екі елдің төтенше жағдайлар ведомстволарының трансшекаралық қауіп-қатерлерге нақты жағдайларға барынша жақын ортада әрекет етуге дайындығын тексерудің маңызды тетігі.