Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының орынбасары Жақыпбек Жүнісбек ҚР Ішкі істер министрлігінің базасында біліктілікті арттыру курсынан өтті. Курс цифрландыру жағдайындағы тергеу қызметінің өзекті міндеттеріне арналды.
СҚО ПД тергеу бөлімшелерінің басшылары және жеке құрамымен кездесуде полиция майоры Жүнісбек ІІМ-нің талаптары мен нұсқауларын жеткізіп, тергеу жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін цифрлық шешімдер туралы баяндады.
Олардың бірі – қазіргі уақытта елорда полицейлері сынақтан өткізіп жатқан «Тергеушінің көмекшісі» жасанды интеллект жүйесі.
Жасанды интеллект күнделікті қайталанатын жұмыстың бір бөлігін өз мойнына алады. Мысалы, полицияға арыз түскен сәттен бастап тергеу әрекеттерінің жоспарын құрып, қызметкердің уақытын үнемдейді.
Интернет-алаяқтыққа қатысты қылмыстық істерді тергеу кезінде банк аударымдарын талдауға көп уақыт жұмсалады. Адамға бірнеше күн қажет болатын бұл жұмысты жасанды интеллект бірнеше минутта орындай алады.
Цифрландыру және жасанды интеллект жылында полицейлер жұмыстың сапасын арттыруға және «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған жоғары технологиялық құралдарды белсенді меңгеріп жатыр.