ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА АУҚЫМДЫ СЕНБІЛІК ӨТТІ

ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА АУҚЫМДЫ СЕНБІЛІК ӨТТІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Сарыағаш ауданында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында, сондай-ақ елді мекендердің ішкі көшелерінде тазалық жұмыстары жүргізілді. Сенбілік таңғы сағат 9:00-де басталып, оған аудан әкімі Арман Абдуллаев, 13 ауылдық округ пен қала әкімдіктерінің өкілдері, мемлекеттік мекемелер мен бөлімдердің қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар, жастар және еріктілер белсенді қатысты.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев сенбілік барысында:

«Мемлекет басшысының бастамасын қолдау және аудан тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қоршаған ортаны қорғау – әр азаматтың борышы. Тазалық сақтау күнделікті өмір салтымызға айналуы тиіс. Туған жеріміздің тазалығы – өз қолымызда. Баршаңызды «Таза Қазақстан» акциясына белсенді атсалысуға шақырамын», – деп атап өтті.

Сенбілік барысында бейберекет тасталған қоқыстар жиналып, шөптер шабылды, қураған ағаштардың бұтақтары кесілді. Сонымен қатар арық-атыздар тазартылды. Бұл шара аудан аумағының экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталды.

«Таза Қазақстан» бағдарламасының басты мақсаты – тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатқа жанашырлықпен қарауды дәріптеу, сондай-ақ «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты негізінде отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілікті нығайту.

 

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-shauildir/press/news/details/1314883?lang=kk