Қазақстан ЦЕРН зерттеулеріне қатысу аясын кеңейтуде

Қазақстан ЦЕРН зерттеулеріне қатысу аясын кеңейтуде

2026 жылғы 19 қазанда Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің делегациясы Женева қаласындағы Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымына (ЦЕРН) барды.

Қазақстан делегациясының құрамына Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің, «Ядролық физика институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының және Қазақстан Республикасының БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Женевадағы Тұрақты өкілдігінің өкілдері кірді.

Делегацияны ЦЕРН-нің Бас директоры Марк Томсон қарсы алды. ЦЕРН-нің зерттеулер және есептеу жүйелері жөніндегі директоры Готье Амель де Моншено қазақстандық тарапқа ұйымның қазіргі ғылыми бағдарламасын, соның ішінде Үлкен адрондық коллайдерде жүргізіліп жатқан зерттеулерді таныстырды.

Кездесу барысында тараптар мынадай мәселелерді талқылады:

  • қазақстандық ғылыми ұйымдардың ЦЕРН эксперименттері мен ғылыми-зерттеу бірлестіктеріне қатысу аясын кеңейту;
  • детекторлық технологияларды дамыту;
  • жас ғалымдар мен инженерлерді даярлау, олардың тағылымдамаларға, ЦЕРН мектептері мен бағдарламаларына қатысуын ұйымдастыру;
  • Қазақстан мен ЦЕРН арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары.

Сапардың негізгі нәтижелерінің бірі – Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің «Ядролық физика институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен ЦЕРН арасында газ детекторларын зерттеу және әзірлеу жөніндегі DRD1 (Detector Research and Development 1) бірлестігіне қатысу туралы өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойылуы.

Анықтама: DRD1 – 2023 жылы ЦЕРН аясында құрылған, бөлшектерді тіркеуге арналған жаңа буын газ детекторларын әзірлеумен айналысатын халықаралық ғылыми бірлестік. Оның құрамына Еуропа, Азия, Америка және Австралия елдерінен 150-ден астам ғылыми-зерттеу институты кіреді. Газ детекторлары жоғары энергиялар физикасында, ядролық физикада, радиациялық бақылауда және медицинада зарядталған бөлшектерді тіркеу үшін қолданылады.

Қазіргі уақытта «Ядролық физика институты» – Қазақстандағы ЦЕРН-нің халықаралық эксперименттік бірлестіктеріне тікелей қатысатын жалғыз ғылыми ұйым. Институт мамандары NA62, LHCb және DRD1 эксперименттеріне қатысады. Сонымен қатар институт – Орталық Азияда стриу-детекторлар (бөлшектердің траекторияларын бақылауға арналған жұқа қабырғалы, газбен толтырылған түтіктер) өндіретін алғашқы алаң.

«DRD1 бірлестігіне қатысу – қазақстандық атом ғылымының әлемдік зерттеулердің нәтижелерін пайдаланумен ғана шектелмей, жетекші ғылыми орталықтармен бірлесіп технологиялар әзірлеуіне мүмкіндік беретін нақты қадам. Қазақстан өнеркәсібі ЦЕРН детекторларына арналған компоненттерді қазірдің өзінде өндіреді. Бұл ғылымның отандық өндірісті дамытуға серпін бере алатынын көрсетеді. Біз үшін осы тәжірибе мен құзыреттердің Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің атом саласын дамытуға қызмет етуі маңызды», – деді Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Әсет Махамбетов.

Қазақстанның ЦЕРН-мен ынтымақтастығы 2018 жылы қол қойылған халықаралық ынтымақтастық туралы келісім негізінде жүзеге асырылады. DRD1 бірлестігіне қосылу Қазақстанның ғылыми зерттеулерге қатысу аясын деректерді талдаудан детекторлық технологияларды бірлесіп әзірлеуге дейін кеңейтеді.

Сапардың екінші жартысында делегация Үлкен адрондық коллайдердің төрт ірі детекторлық кешенінің бірі – жер астында 100 метр тереңдікте орналасқан LHCb экспериментімен танысты. LHCb бірлестігінің жетекшісі, профессор Тим Гершон және LHCb калориметрі жобасының жетекшісі Филипп Ролофф делегацияға эксперимент инфрақұрылымын, соның ішінде жер үстіндегі залды, тұрақты экспозицияны және жер астындағы эксперименттік залды көрсетті.

Анықтама: LHCb эксперименті b- және c-кварктары бар бөлшектердің ыдырауын зерттеу арқылы Ғаламда антиматерияға қарағанда материяның неліктен басым екенін анықтауға бағытталған. «Ядролық физика институты» 2025 жылы қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум негізінде LHCb экспериментіне қатысады.

Электромагниттік калориметрді жаңғырту аясында институт мамандары қорғасын негізіндегі қорытпадан жасалған, аса дәлдікпен бұрғыланған алғашқы эксперименттік модульді дайындады. Өлшемі 12 × 12 × 10 см болатын блокта сцинтилляциялық талшықтарды орналастыруға арналған 3 136 тесік бар. Қазіргі уақытта институт осындай 1 500 модульді сериялық өндіруге дайындалып жатыр.

Делегация Қазақстанда өндірілген модульдер орнатылатын орынмен танысып, Филипп Ролоффпен калориметр модульдерін жаңғырту жұмыстарының барысын талқылады.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар қазақстандық ғылыми ұйымдардың ЦЕРН бағдарламаларына қатысу аясын кеңейту бағытындағы жұмысты жалғастыруға келісті.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/atom-energiyasy/press/news/details/1314449?lang=kk