Сартай батырдың туғанына 315 жыл толуына орай «Ерлікке тағзым» атты әдеби-музыкалық қойылымы өткізілді

Сартай батырдың туғанына 315 жыл толуына орай «Ерлікке тағзым» атты  әдеби-музыкалық қойылымы өткізілді

Сартай батырдың туғанына 315 жыл толуына орай «Ерлікке тағзым» атты

әдеби-музыкалық қойылымы өткізілді

16 қазан күні ел тарихында өшпес із қалдырған, ерлігімен ел есінде сақталған Сартай батырдың туғанына 315 жыл толуына орай «Ерлікке тағзым» атты әдеби-музыкалық қойылым өткізілді.

Шараның басты мақсаты – батыр бабамыздың ерлік жолын ұлықтау, тарихи мұрасын насихаттау, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік сезім мен ұлттық рухты сіңіру, елдік пен ерліктің қадірін ұғындыру.

Тағылымды кеш оқушылардың сомдауындағы «Ел басына күн туған шақ» атты тарихи сахналық қойылыммен ашылып, «Ай-Жұлдыз» би тобының «Батырлар рухы» және жас биші Қылышбек Зеренің орындауында «Балауса» биімен көркемделді.

Кештің арнайы шақырылған құрметті қонақтары жергілікті айтыскер ақын, жырау Алмат Қойбағаров Сартай батырға арнауын жырлап, батыр бабаның ерлік тұлғасын асқақтатса, республикаға белгілі жыршы, термеші Серікқали Жұбаниязов «Сартай батыр» дастанынан үзінді орындап, жырдан шашу шашты. Әдеби-музыкалық кештің концерттік бағдарламасында Өтебасова Үміт патриоттық ән шырқап, жазба ақын Мырзабекова Айза «Батырға арнау» өлеңін мәнерлеп оқыды. Сондай-ақ оқушылардың қатысуымен ұсынылған көркемсөз композициясы батырлық рухты дәріптеп, кештің мазмұнын аша түсті.

Шара аясында кітапханашы Әсия Өмірзақованың «Сартай батыр – тарих тұлғасы» атты Сартай батырдың өмірі мен ерлік жолын, қазақ халқының азаттық жолындағы күресін насихаттауға арналған тақырыптық кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрме барысында әдебиеттерге шолу жасалып, Сартай батырдың ел қорғаудағы ерлігі, «Мың бала» жасақтарының тарихы және батырдың ұрпаққа қалдырған өнегесі туралы мағлұмат берілді.

Шара соңында ауыл ақсақалдары сөз сөйлеп, батыр бабалардың ерлігі мен ел бірлігінің маңыздылығына тоқталды. Өнер көрсеткен барша қатысушыларға ақ баталарын беріп, жас ұрпаққа Сартай батырдай елін сүйген, намысты, қайсар рухты азамат болып өсулеріне ізгі тілектерін жеткізді. Кеш соңында көрермен назарына режиссер Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» тарихи драмалық фильм көрсетілді.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-aral-qoszhar/press/news/details/1313727?lang=kk