Астанада Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарының тауар өндірушілері қатысқан ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Онда 1 600 тоннадан астам азық-түлік өнімі ұсынылды. Шаруалар ет, сүт өнімдерін, көкөніс, балық, бал және басқа да тауарларды тұрғындарға делдалсыз сатты.
Жәрмеңке 17-18 қазан күндері Қазанат ипподромында (Қарқаралы көшесі, 1) сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін ұйымдастырылды.
Сауда алаңында ет және ет өнімдері, сүт өнімдері, көкөніс, жұмыртқа, балық, бал, бакалея тауарлары және басқа да азық-түлік түрлері сатылды.
Павлодар облысының өндірушілері жәрмеңкеге 110 тонна ет және ет өнімдерін, 440 тонна көкөніс, 17 тонна сүт өнімін, 24 тонна бакалея тауарларын, 14 тонна балық, 10 тонна бал және 100 мың дана тауық жұмыртқасын жеткізді.
Солтүстік Қазақстан облысынан 1 000 тоннадан астам өнім ұсынылды. Оның ішінде 110 тонна ет және ет өнімдері, 400 тоннадан астам көкөніс, 180 тоннадан астам сүт өнімдері, 80 тоннадан астам бакалея тауарлары, 5 тонна балық, 10 тонна бал және 240 мың дана тауық жұмыртқасы болды.
Ал Ұлытау облысының шаруалары 60 тонна ет және ет өнімдері мен 20 тонна сүт өнімін әкелді.
«Біз үшін өнімді тікелей сатып алушыға ұсынудың маңызы зор. Жәрмеңкеге келген адамдар тауардың бағасын сұрап, сапасын көріп, өзіне қажетті мөлшерде сатып ала алады. Мұнда бірнеше өңірдің өндірушілері жиналғандықтан, тұрғындардың таңдау мүмкіндігі де кеңейеді. Әсіресе, күнделікті тұтынатын ет, сүт өнімдері мен көкөністерге сұраныс жоғары. Осындай сауда алаңдары арқылы өнімімізді көбірек адамға таныстырып, тұрақты тұтынушылармен байланыс орнатуға болады», – деді Солтүстік Қазақстан облысынан келген сатушы Айдос Сәрсенбаев.
Қала тұрғындары үшін жәрмеңкенің басты артықшылығы азық-түліктің түр-түрін бір жерден таңдап, бағасын салыстыру мүмкіндігі болды. Астана тұрғыны Әйгерім Қасымованың пікірінше, мұндай жәрмеңкелер отбасылық бюджетті жоспарлауға көмектеседі.
«Азық-түлік – әр отбасының күнделікті шығыны. Сондықтан сапалы өнімді қолайлы бағамен сатып алу біз үшін маңызды. Жәрмеңкеде әр өңірден келген өндірушілердің тауарлары ұсынылғандықтан, бірден бірнеше өнім түрін таңдап алуға болады. Сонымен қатар, тауардың қайдан жеткізілгенін біліп, өндірушінің өзінен сұрап алуға мүмкіндік бар. Осындай жәрмеңкелер тұрақты ұйымдастырылып тұрса, қала тұрғындары үшін де, өнімін сатуға келген шаруалар үшін де тиімді болар еді», – деді ол.
Екі күнге созылған жәрмеңке барысында елорда тұрғындары мен қонақтары еліміздің үш өңірінен жеткізілген ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей өндірушілерден сатып алу мүмкіндігіне ие болды.