Бір күнде 100-ден астам өтініш: ШҚО-да «Жолдағы қабылдау» акциясы өтуде
Шығыс Қазақстан облысында тұрғындарға құқықтық көмек көрсетуге бағытталған республикалық «Жолдағы қабылдау» акциясы жалғасуда. 16–17 қазан күндері өңір тұрғындары полиция қызметкерлеріне жүгініп, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, қажетті түсініктемелер ала алады.
Акцияның алғашқы күні онлайн және офлайн форматта ұйымдастырылды. Тікелей эфир арқылы тұрғындар қашықтан сұрақ қойып, нақты уақыт режимінде жауап алды. Ал азаматтарды жеке қабылдау Самар тасжолы, 23 мекенжайында орналасқан мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында өтті.
Алғашқы күннің қорытындысы бойынша полиция қызметкерлеріне 100-ден астам өтініш түсті. Оның 50-ге жуығы тікелей эфир барысында қойылса, қалған сұрақтар азаматтарды жеке қабылдау кезінде түскен.
Өтініштердің басым бөлігі жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелеріне қатысты болды. Тұрғындар Жол жүрісі қағидаларының жекелеген талаптары, жол белгілерін орнату мен жол таңбаларын салу, айыппұлдарды төлеу және құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін камералардың жұмысы туралы сұрақтарын қойды. Сонымен қатар жүргізуші куәлігін алу және ауыстыру, емтихан тапсыру тәртібі мен көлік құралдарын тіркеу мәселелері бойынша түсініктемелер берілді.
Акция барысында полиция қызметкерлері азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жауап беруде.
«Жолдағы қабылдау» акциясы 17 қазан күні де жалғасады. Облыс тұрғындары полиция қызметкерлеріне тікелей жүгініп, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап ала алады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі