Димаш Құдайбергеннің Индонезиядағы алғашқы жеке концерті таныстырылды. Шекарасыз дауыс. Әлемді біріктіретін музыка.

Димаш Құдайбергеннің Индонезиядағы алғашқы жеке концерті таныстырылды. Шекарасыз дауыс. Әлемді біріктіретін музыка.

Джакарта, 2026 жылғы 14 қазан - Димаш Құдайберген DIMENSIONS World Tour әлемдік турнесі аясында Индонезияда алғаш рет жеке концерт береді. Жылдың ең көп күтілетін музыкалық оқиғаларының бірі 2026 жылғы 12 желтоқсанда Батыс Ява провинциясының Богор округіндегі Sentul International Convention Center (SICC) аренасында өтеді. Бұл - бірегей вокалдық шеберлігімен әлемнің түрлі құрлықтарындағы тыңдармандардың жүрегін жаулаған қазақстандық өнерпаздың халықаралық шығармашылық жолындағы жаңа жарқын белес.

Концерттің ресми анонсы 14 қазанда Джакарта қаласындағы Grand Sahid Jaya қонақүйінде өткен арнайы баспасөз конференциясында жарияланды. Қазақстан мен Индонезияның дипломатиялық өкілдіктерінің өкілдері, алдағы шоуды ұйымдастырушылар және музыка индустриясының өкілдері қатысқан іс-шара барысында ауқымы мен маңызы әдеттегі концерт шеңберінен әлдеқайда кең оқиғаның алғашқы егжей-тегжейлері таныстырылды.

DIMASH QUDAIBERGEN – LIVE IN INDONESIA - бұл бірегей дауыс, ауқымды музыкалық өнер және музыка әлдеқашан эмоцияның, шабыт пен бірліктің әмбебап тіліне айналған миллиондаған халықаралық тыңдарманды тоғыстыратын ерекше кездесу.

Димаш Құдайбергеннің есімі айрықша вокалдық диапазонмен, орындаушылық шеберлікпен, терең эмоциялық мазмұнмен және әрбір орындауын көрерменге ұмытылмас сахналық әсер сыйлайтын өнер оқиғасына айналдыра алатын сирек қабілетімен астасып жатыр. Дәстүр мен заманауилықты, академиялық вокал мектебі мен қазіргі әлемдік музыкалық сахнаның көркемдік мәнерін ұштастыра отырып, ол ұлттық болмыс пен музыканың жалпыға ортақ тілін табиғи үйлестіретін бірегей шығармашылық кеңістік қалыптастырады.

Оның шығармашылығы жанрлық шектеулермен де, географиялық шекаралармен де шектелмейді. Димаштың әрбір халықаралық жобасы әлемге Қазақстанның бай музыкалық мәдениетін таныстыруға және сонымен бірге қазіргі вокал өнерінің мүмкіндіктері қаншалықты кең екенін көрсетуге жол ашады.

DIMENSIONS World Tour әлемдік турнесі осы шығармашылық миссияны жалғастырып, өнерпаздың әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлерімен жүздесуіне жаңа мүмкіндіктер ашуда.

Индонезияда өтетін концерт Димаш Құдайбергеннің осы елдегі алғашқы жеке концерті болмақ. Жергілікті көрермен үшін бұл - өнерпазды ауқымды жеке шоу форматында тамашалауға берілген бірегей мүмкіндік. Ал халықаралық жанкүйерлер қауымы үшін бұл - мәдениеттерді, ұрпақтарды және елдерді біріктіретін музыка төңірегінде қайта бас қосуға тағы бір себеп.

Джакартадағы баспасөз конференциясы екі мемлекеттің өкілдері мен жоба ұйымдастырушыларын бір алаңға жинап, алдағы іс-шараның мәдени ғана емес, қоғамдық маңызын да айқындады.

 

Баспасөз конференциясында сөз сөйлеп, ой-пікір білдіргендер:

Сержан Әбдікәрімов - Қазақстанның Индонезиядағы Елшісі;

Мохамад Фаджрул Рахман - Индонезияның Қазақстандағы Елшісі;

Субиото Джингга - PT Folago Global Nusantara Tbk компаниясының бас атқарушы директоры;

Майкл Хаумаху - FolagoPro компаниясының маркетинг жөніндегі директоры.

 

Кездесуге қатысушылар Қазақстан мен Индонезия арасындағы достық қатынастарды нығайтуда халықаралық мәдени бастамалардың маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Концерт мәдениетаралық диалогтың жандануына ықпал ететін, гуманитарлық байланыстарды дамытуға және екі ел арасындағы одан әрі ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашатын маңызды алаңға айналуға бағытталған.

Қазіргі әлемде музыка мәдени дипломатияның маңызды құралдарының бірі саналады. Ол адамдарға бір-бірін аудармашысыз түсінуге мүмкіндік беріп, өзара қызығушылықтың жаңа бағыттарын ашады және халықаралық іс-шараны мыңдаған адамға ортақ әсер мен рухани тәжірибеге айналдырады.

Дәл осы тұрғыдан алғанда, Димаштың өнер көрсетуі ерекше мәнге ие. Бұл - қазақстандық өнердің Оңтүстік-Шығыс Азиядағы өзіндік ерекшелігімен және сан қырлылығымен дараланатын мәдениеттердің бірімен тоғысуы.

DIMASH QUDAIBERGEN – LIVE IN INDONESIA бағдарламасы концерт қарсаңында басталып, халықаралық іс-шараның дербес бір бөлігіне айналады.

2026 жылғы 11 желтоқсан - Fan Pre-Party

Жанкүйерлерге арналған ресми кеш Джакарта қаласындағы Grand Sahid Jaya қонақүйінің Puri Agung Ballroom залында өтеді. Дөңгелек үстелдер басында шамамен 600 қонақты қабылдауға арналған бұл кеңістік Димаштың халықаралық фан-клубтарының мүшелерін, Индонезия қоғамының өкілдерін және өнерпаздың шығармашылығы өмірлік тарихының бір бөлігіне айналған жанкүйерлерді біріктіреді.

Fan Pre-Party танысуға, әсерлермен бөлісуге, пікірлес жандармен жүздесуге және Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері өздерін атайтын Dimash Dears халықаралық қауымдастығының ерекше атмосферасын сезінуге мүмкіндік беретін іс-шара ретінде ұйымдастырылған.

2026 жылғы 12 желтоқсан - басты концерт Батыс Ява провинциясының Богор округіндегі Sentul International Convention Center (SICC) аренасында өтеді.

Бір сахнада әлемдік деңгейдегі өнерпаз бен ауқымды музыкалық әсерді асыға күткен көрермен қауымы тоғысады. Концерт DIMENSIONS World Tour әлемдік турнесінің Индонезиядағы кезеңінің басты оқиғасына айналып, Димаштың халықаралық сахнадағы өнер жолының жаңа бетін ашады.

Концертті FolagoPro ұйымдастырады. Жоба Қазақстан Республикасының Индонезия Республикасындағы Елшілігінің, Индонезия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің, Индонезияның Шығармашылық экономика министрлігінің, сондай-ақ өнерпаз жанкүйерлерінің ресми бірлестігі – Dimash Indonesian Dears Fan Club (DIDFC) ұйымының қолдауымен жүзеге асырылады.

Ұйымдастырушылардың, дипломатиялық өкілдіктердің, бейінді мемлекеттік құрылымдардың және жанкүйерлер қауымдастығының өзара іс-қимылы жобаның біріктіруші сипатын және халықаралық мәдени бастамаларды дамытуға деген ортақ мүддені айқындайды.

 

Билеттер сатылымы

Ұйымдастырушылар билеттер сатылымының басталу күндерін жариялады:

2026 жылғы 25 қазан - алдын ала жабық сатылымы (Folago Privé Presale);

2026 жылғы 26 қазан - билеттерінің жалпы сатылымы басталады (General Sale).

Билеттерді сатып алу және бағдарлама аясындағы іс-шаралар туралы өзекті ақпаратты ресми сайттан табуға болады:

DQDimensionsWorldTourINA.com

 

Димаш Құдайбергеннің шығармашылық жолы - айрықша вокалдық мүмкіндіктерді көркемдік ойды жеткізудің қуатты құралына айналдырып, әрбір халықаралық өнер көрсетуді мәдени жақындасу мүмкіндігі ретінде ұсынатын өнерпаздың тарихы.

Желтоқсан айында Индонезия оның әлемдік турнесінің музыкалық картасындағы жаңа мекенге айналады. Мұнда жанды орындаудың қуаты, музыкалық дәстүрлердің сан алуандығы және халықаралық жанкүйерлер қауымының өнерпазға деген адалдығы тоғысады.

2026 жылғы 12 желтоқсан - Қазақстан музыкасы Индонезияда ауқымды әлемдік шоу форматында шырқалатын күн.

DIMENSIONS World Tour өз сапарын жалғастыруда. Жаңа ел. Жаңа кездесу. Музыканың жаңа өлшемі.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-jakarta/press/news/details/1311261?lang=kk