«ТАМЫЗ КЕҢЕСІ – 2026»
Инклюзивті білім беру – әр балаға тең мүмкіндік
Сәтбаев қаласының №16 жалпы білім беретін мектебінде «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі»тақырыбында инклюзивті білім беру бағыты бойынша секция отырысы өтті.
Секцияның негізгі мақсаты – әр баланың білім алуға деген конституциялық құқығын қамтамасыз ету, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдаудың тиімді жолдарын айқындау және жаңа оқу жылындағы инклюзивті білім берудің басым міндеттерін талқылау.
Шара барысында тәжірибелі педагогтер мен мамандар өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, инклюзивті орта қалыптастырудың заманауи тәсілдерін ұсынды.
Ойын технологиялары бойынша №25 жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі С. Сурауханова ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың сөздік қорын, ұсақ моторикасын және логикалық ойлауын дамытуға бағытталған дидактикалық әрі интерактивті ойындардың маңызын көрсетті.
Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі
Д. Абикенова «ЕББҚ балаларға білім беруде қолданылатын цифрлық технологиялардың тиімділігі» тақырыбында баяндама жасап, мобильді қосымшалар мен интерактивті платформаларды тиімді пайдаланудың мүмкіндіктеріне тоқталды.
Әдістемелік тәсілдер бойынша Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі А. Бектасова әдебиет сабағында мәтінді жеңілдетіп ұсыну, көрнекіліктерді пайдалану және рөлге бөліп оқу әдістерімен бөлісті.
Ә.Марғұлан атындағы жалпы білім беретін мектебі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж. Семелтирова ерекше балаларды қоғамға бейімдеудегі озық тәсілдер мен тиімді технологиялар жүйесін таныстырды.
Логопедиялық көмек бағытында №5 жалпы білім беретін мектебінің логопеді
А. Косбармакова мектеп жағдайында сөйлеу тілінің бұзылыстарын ерте анықтау және ата-анамен тығыз байланыста түзету жұмыстарын ұйымдастыру жолдарын түсіндірді.
Секция соңында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың оқу сауаттылығын арттыру, тапсырмаларды баланың жеке мүмкіндігіне қарай саралау және қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру бойынша тиімді ұсынымдар қабылданды.
Осындай тәжірибе алмасу алаңдары педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттырып қана қоймай, әр баланың әлеуетін ашуға, білім алуға тең мүмкіндік беруге және инклюзивті білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруге тың серпін береді.
Әр бала – бірегей.
Әр балаға – мүмкіндік.
Әр балаға – сапалы білім!