2026 жылғы 13 қазанда Көкшетау қаласында Ақмола облысының Цифрландыру және архивтер басқармасы мен «Ауыл Телеком» ЖШС ауылдық аумақтарды дамыту және кең жолақты интернетке қолжетімділікті кеңейту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар ауылдық елді мекендердегі байланыс сапасын жақсарту, телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және шалғайдағы ауыл тұрғындарының заманауи цифрлық қызметтерге қолжетімділігін арттыру бағытында бірлесіп жұмыс істеуге ниетті.
«Біз цифрландырудың ең алдымен адамдардың игілігі мен әлеуметтік әділеттілікке бағытталуы керек екеніне сенімдіміз. Елді мекенде мыңдаған адам немесе бірнеше ондаған тұрғын тұратыны маңызды емес - бірде-бір ауыл назардан тыс қалмауы тиіс. Ауылдағы сапалы интернет - дамуға жол ашатын маңызды мүмкіндік. Оның арқасында балалар заманауи білімге қол жеткізсе, жастар сұранысқа ие озық мамандықтарды меңгере алады, ал жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа нарықтарға жол ашылады. Цифрлық инфрақұрылымды әрбір ауылға жеткізу арқылы біз өңіріміздің басты байлығы - адами капиталға инвестиция салып отырмыз», - деп атап өтті Мағжан Ержан.
Кездесу барысында «Ауыл Телеком» ЖШС өкілдері жобаны таныстырып, оны іске асырудың негізгі бағыттары туралы баяндады. Сондай-ақ қатысушылар алдағы ынтымақтастықтың перспективаларын, оның ішінде инвестиция тарту және ауылдық жерлердегі байланыс желілерін дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
«Біз ауылдық жерлерде заманауи цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге ұмтыламыз. Нақты жоспарларымыз бар, алайда олардың жүзеге асуы көп жағдайда инфрақұрылымға байланысты. Өйткені еліміздің аумағы кең: бір жерде мыңдаған отбасы тұрса, енді бір жерде небәрі он шақты үй бар. Осыған байланысты жұмыстың негізгі бағыттарын айқындадық. Оның біріншісі - FWА технологиясы арқылы сымсыз интернет желісін дамыту», - деді «Ауыл Телеком» ЖШС бас директоры Сейлов Амирали Ажибекович.
Қол қойылған меморандум Ақмола облысының ауылдық елді мекендерінде интернеттің қолжетімділігін арттыруға бағытталған бірлескен іс-қимылды үйлестіруді көздейді. Байланыс инфрақұрылымын дамыту тұрғындардың мемлекеттік және өзге де цифрлық қызметтерді пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтіп, ауылдық аумақтардың дамуына қосымша жағдай жасайды.