Сәтбаевта «Ұстазым, Сізге тағзым!» салтанатты іс-шарасы өтті

Сәтбаевта «Ұстазым, Сізге тағзым!» салтанатты іс-шарасы өтті

«ҰСТАЗЫМ, СІЗГЕ ТАҒЗЫМ!»

Сәтбаев қаласында кәсіби мереке – Ұстаздар күніне орай «Ұстазым, Сізге тағзым!» атты салтанатты мерекелік шара өтті.

Шара барысында ұстаз еңбегінің қоғамдағы маңызы айрықша аталып, білім беру саласында жемісті еңбек етіп жүрген педагогтерге құрмет көрсетілді. Мерекелік жиынға қала әкімі Смағұлов Кеңгірбай, Ұлытау облысы Білім басқармасының Әдістемелік орталығының басшысы, білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтер, ардагер ұстаздар мен сала қызметкерлері қатысты.

Салтанатты шарада Ұлытау облысының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары, Ұлытау облысы білім басқармасының Құрмет грамоталары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының грамотасы табысталды.

Мерекелік бағдарлама аясында «Үздік педагог» республикалық конкурсының қалалық және облыстық кезеңдерінде жоғары нәтиже көрсеткен ұстаздар атап өтіліп, кәсіби шеберлігімен ерекшеленген педагогтерге сәттілік тілектері білдірілді.

Сонымен қатар білім беру ұйымдарының жетістіктері де назардан тыс қалмай, «Орта білім беретін үздік ұйым» номинациясы бойынша үздік мектептер марапатталды.

Қаламыздағы білім беру ұйымдарының аумағын абаттандыру мен көгалдандыру бағытындағы жұмыстарының нәтижесі бойынша «Көгалдандыру – 2026» байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Шараның ерекше бөлігінің бірі – өз ісіне адалдығымен, кәсіби шеберлігімен және еңбектегі жетістіктерімен танылған педагогтерді «Үздіктер шеруі» аясында марапаттау болды. «Ұлағатты ұстаз», «Үздік пән мұғалімі», «Өнерімен өнеге», «Цифрлық ұстаз», «Әдіскер ұстаз», «Үздік ұйымдастырушы», «Үздік тәрбиеші», «Үздік сынып жетекші», «Тәлімгер ұстаз», «Үздік жас маман» номинациялары бойынша үздіктерге арнайы дипломдар мен 100 000 теңге көлеміндегі ынталандыру сыйақылары табысталды.

Ұстаз – ұлт болашағын қалыптастыратын ұлы тұлға. Оның еңбегінің ең үлкен жемісі – білімді, тәрбиелі, елжанды шәкірт.

Құрметті ұстаздар!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, еңбектеріңізге толағай табыс, шығармашылық шабыт, зор денсаулық және шәкірттеріңіздің биік жетістіктерін тілейміз!

Ұстаз абыройы асқақ, мәртебесі биік болсын!

Ұстаз жаққан білім шырағы ешқашан сөнбесін!

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/edu-satpaev/press/news/details/1311091?lang=kk