Қазақстандықтар EPS жүйесі арқылы Оңтүстік Кореяға қалай жұмысқа орналаса алады?

Қазақстандықтар EPS жүйесі арқылы Оңтүстік Кореяға қалай жұмысқа орналаса алады?

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстан азаматтарын Employment Permit System (EPS) жүйесі арқылы Корея Республикасына жұмысқа орналастыру үшін іріктеу тәртібін түсіндірді.

Кандидаттарды практикалық іріктеу Алматы қаласында EPS орталығы ашылғаннан кейін басталады. Мұнда корей тілін білу деңгейін анықтайтын EPS-TOPIK тестілеуі, кәсіби дағдыларды бағалау және Корея Республикасына аттанар алдында міндетті дайындықтан өту ұйымдастырылады. Іріктеу барысында білім деңгейі, еңбек өтілі және қолда бар кәсіби сертификаттар ескеріледі.

Іріктеу балдық жүйе бойынша жүргізіледі. Оған жасы 18-ден 39 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. Кандидаттың соттылығы, Корея Республикасына кіруге тыйым салынуы немесе осы елден депортациялану фактілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан шығуға шектеулері болмауы тиіс.

Қажетті кезеңдерден сәтті өткен кандидаттар жұмыс іздеушілердің ресми тізіміне енгізіледі. Ол үшін жарамды төлқұжаттың болуы және медициналық тексеруден өту талап етіледі.

Кандидаттың профилінде оның білімі, кәсіби тәжірибесі, сертификаттары, тестілеу нәтижелері, сондай-ақ жұмысқа орналасу бойынша қалаулы шарттары көрсетіледі. Бұл жұмыс берушіге белгіленген іріктеуден өткен кандидаттардың арасынан қызметкер таңдауға мүмкіндік береді.

Бұл ретте емтиханнан өту және ресми тізімге енгізілу автоматты түрде жұмысқа орналасуға кепілдік бермейтінін түсіну маңызды. Соңғы шешімді тіркелген кандидаттардың арасынан кореялық жұмыс беруші қабылдайды.

Қазақстан азаматтарын EPS жүйесі арқылы жұмысқа орналастыру Корея Республикасы белгілейтін квоталар ескеріле отырып жүзеге асырылады.

Кандидат таңдалғаннан кейін жұмыс беруші оған еңбек шартын жібереді. Оған қол қоймас бұрын қызметкерге еңбек жағдайлары, оның ішінде лауазымдық міндеттері мен жұмыс режимі туралы толық ақпарат берілуі тиіс. Еңбек шартына қол қойылғаннан кейін қызметкер оның түпнұсқасын алады.

Жолға шығар алдындағы дайындық – міндетті кезең. Оны Алматы қаласындағы EPS орталығында өту қажет. Осыдан кейін жұмыс визасын рәсімдеу және жұмыс орнына бару көзделеді.

EPS жүйесі аясында Корея Республикасында жұмыс істеу мерзімі үш жылға дейін болуы мүмкін. Қолданыстағы жағдайларда бұл мерзім тағы бір жыл он айға дейін ұзартылуы мүмкін. Белгіленген жұмыс мерзімін аяқтап, Қазақстанға өз еркімен қайтқан жұмысшылар үшін Корея Республикасына кейін қайта баруға неғұрлым қолайлы жағдайлар қарастырылған.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Корея Республикасында жұмыс істеуді жоспарлап отырған азаматтарға мемлекеттік органдар мен уәкілетті ұйымдардың тек ресми ақпаратын пайдалануға кеңес береді.

«Жұмысқа орналасуға кепілдік береміз», іріктеуден жедел өткіземіз немесе белгіленген тәртіптен тыс кандидаттар тізіміне енгіземіз деп уәде беретін жеке делдалдарға құжаттар мен ақша бермеу қажет. Ешбір делдал жұмысқа орналасуға кепілдік бере алмайды, өйткені кандидаттарды түпкілікті таңдауды кореялық жұмыс беруші жүзеге асырады.

Тіркеудің басталу мерзімі, құжаттарды тапсыру тәртібі, EPS-TOPIK тестілеуін өткізу және іріктеудің басқа да кезеңдері туралы ақпарат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми ресурстарында қосымша жарияланады.