25 қазан – Республика күні қарсаңында «Шымкент концерт» концерттік ұйымының «Шымкент сазы» дәстүрлі өнер кеші өтті. Мәдени іс-шараның басты мақсаты – халқымыздың бай музыкалық мұрасын, дәстүрлі ән мен күй өнерін кеңінен насихаттау және көрерменге рухани азық сыйлау.
Концерттік бағдарлама аясында «Қаратау» фольклорлық ансамблі мен «Қазына» би ансамблі, сондай-ақ, өзге де танымал дәстүрлі орындаушылар өнер көрсетіп, ұлттық өнерімізді ұлықтады.
Кеш барысында көрермендер Кетбұға, Сүгір, Қазанғап, Құрманғазының күйлерін, Асан Қайғы мен Нартайдың термелерін, сонымен қатар, халық әндері мен белгілі композиторлардың шығармаларын жанды дауыста тыңдады.
Ұлттық өнер – халықтың рухани жадын сақтайтын аса маңызды құндылық. Ән мен күй арқылы ұлттың тарихы, дүниетанымы, салт-дәстүрі мен өмір салты ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, «Шымкент сазы» секілді мәдени жобалардың маңызы зор. Мұндай кештер дәстүрлі өнерді кеңінен насихаттап қана қоймай, жас буынның ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған «Шымкент сазы» дәстүрлі өнер кеші – елдің мәдени мұрасын дәріптеп, ұлттық өнерге құрметті арттыруға бағытталған маңызды мәдени іс-шаралардың бірі болды.